Қызыл жолақтылар елінен балуандарымыз қоламен оралды

Қызыл жолақтылар елінен балуандарымыз қоламен оралды
Фото: Ақын Ордабай

Нидерландта қазақ күресінен Еуразия кубогі үшін командалық жекпе-жектер болып өтті. Еуропа мен Азияның кіл мықтыларын жинаған бұл жарысты Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы, Біріккен күрес Одағымен (UWW) бірігіп ұйымдастырды.

Қатысуша командалар екі топқа бөлініп өнер көрсетті. Айталық, Еуропа аймағынан Нидерланд, Беларусь, Германия мен Грузия елдерінің балуандары күш сынасса,  Азия аймағынан Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннның таңдаулы балуандары бозкілемде  тартысты белдесулер өткізді.

Еліміздің намысын қорғаған балуандар Қырғызстан мен Өзбекстан командаларының балуандарын жеңіп, Моңғолиямен кездескен еді. Өкінішке қарай, балуандарымыз моңғолдардан айласын асыра алмады. Ал, Қазақстан балуандары 3 орын үшін белдесуде намысты қолдан бермей, Нидерланд құрамасының балуандарын асқан басымдылықпен жеңіп Еуразия кубогінің қола жүлдегері атанды.

Ақтық финал Моңғолия мен Грузия командалары арасында өтті. Грузия құрамасының балуандары арасында самбодан әлем чемпиондары мен еуропа біріншіліктерінде топжарған марқасқа балуандардың қатары көп еді. Моңғол балуандары да осал емес екенін айтулы жарыс басталған сәттен  шебер көрсете білді. Моңғолия құрамасы бұл жарысқа өз елдерінде  есімдері қалың жұртқа танылған білекті де жүректі балуандарын сараптап алып келіпті. Дегенмен де тау халқының балуандары шеберліктері әлдеқайда жоғары екенін тамаша көрсетіп, бас жүлдеге тігілген қомақты сыйақы мен Евразия кубогін жеңіп алды.

Бір айта кетер мәселе, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Ислам Әлмақанұлы Әбішевтің; "Қазақ күресін әлемге таратып, насихатын күшейту үшін, біз үшін өзге елдердің балуандарын жиі жеңіс биігінен көруіміз керек. Өйткені, олар өз еліне жеңіспен желпіне оралып қана қоймай, ақпарат құралдарынан жеңісімен бірге қазақ күресін дәріптейтін болады. Сондықтан да қазақ күресін әлем сахнасына шығарудың ең бір тиімді жолы, өзге елдердің балуандарының жеңіске жетіп отыруы, біздің қазақ күресінің болашағы үшін маңызы зор деп білемін"- деген еді.

Расымен де, біз қашанға әрбір өткен додалы аламандарда бас жүлделерді өз жамбасымызға басып алып қала береміз. Қазақ күресін әлемге кеңінен танытып, олардың  ұлттық күресімізге қызығушылығы артып, белсене айналысуы үшін келген қонақтарға жүлдені аямай таратуды қолға алғанымыз дұрыс болар.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Адамұлы Түкеевтің де көп жылдан бері алға қойған мақсаттарының бірі де сол, алыстан ат артып жеткен  шетелдік балуандардың  жүлделі болып еліне  қайтуы. Мысалы мен  қазақ күресінен 7 әлем чемпионаты мен 11 Азия біріншліктері, 4 әлем кубогі, 5 еуропа, 2 рет Пан–Америка және Африка чемпионаттары дүбірлете өткенінінің күәсі болып келем. Талай рет Серік Адамұлының төрешілер алқасымен жарыс алдында өткізетін отырыста, әрқашанда жекпе-жек барысында егерде екі балуан теңдей өнер көрсеткен жағдайда, шетел балуанына жеңісті аямай берген жөн екенін баса айтатын. Сондықтанда мұхит асып, құс ұшса қанаты талатын жерден қазақ күресі үшін күресуге шын ынтасымен жеткен қонақ балуандарға құрметпен қарағанымыз ләзім.Сонымен бірге, тағы бір ұтатынымыз  шетелдіктер біздің күрестегі ережелерді ана тілімізде айтылатын "Баста", "Тоқта", "Таза", "Жартылай", "Жамбас" - деген ана тіліміздегі тіркестерді жаттап үйрене бастады.

Аламан жарыс аяқталған кезде, Біріккен күрес Одағымен (UWW) бас координаторы Едмар Абуллаев;"Мұндай жоғары деңгейде ұйымдастырылған аламан жарыс Нидерланд елінде алғаш рет өткізіліп отырғанын айтып өтті. Ілгеріде ешқашанда жекпе-жек түрлерінен олимпиадалық былай тұрсын әлемдік және халықаралық деңгейдегі байрақты жарыстар Нидерланд мемлекетінде өткенін естімеген екен. Сондықтан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы, Біріккен күрес Одағымен (UWW) бірігіп қызылжолақтылар елінде  сәтті өткізген бұл жарыстың бағасы өте зор екеніне тоқтала кетті. Осының өзі қазақ күресі  үшін үлкен бір жетістік деп айтуға болады.

Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті де киелі ұлттық күресіміздің кемеліне келіп, әлемге шығатын уақыты жетті. Келер жылы Кореяда екі жылда бір келетін Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына қазақ күресінің кіргені туралы Серік Адамұлы  қуана сүйіншілеп айтты.  Бұл хабар осы Еуразия кубогі өтіп жатқан кезде жетсе керек. Ендеше есіктен кіргелі отырған 2019 жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы, Біріккен күрес Одағымен (UWW) бірігіп өткізетін аламан жарыстардың қатары көптеп болғалы тұр. Сондықтан да қазақ күресі үшін келер жыл құтты болғай деп тілейік.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Н. Үсенова