Бокстан 2019 жылғы әлем чемпионаты Екатеринбургте өтетін болды

Бокстан 2019 жылғы әлем чемпионаты Екатеринбургте өтетін болды
Фото: Exponet.ru

Бокстан ерлер арасындағы 2019 жылғы әлем чемпионаты Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін болды. Негізінен боксшылардың басты бәсекесі Сочиде өтуі тиіс еді.

Ресей әлем чемпионатын өткізу мәртебесіне 2017 жылдың шілде айында ие болған. Жарыс келер жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Ал өтетін орны Свердлов облысының өтініші бойынша ауыстырылды.

- Екатеринбург халқы боксты жақсы көреді. Әлем чемпионатын ауыстыру туралы ұсыныс айтқанда, қала басшылығы қолдай кетті. Мұндай ірі шараның өтуі Свердлов облысы боксының дамуына сеп болады. Жастардың қызығушылығы артады, - деді Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Умар Кремлев.

Жарыстың негізгі алаңы "Екатеринбург-ЭКСПО" көрме орталығы болатындығы күтілуде. Жекпе-жектер де осындағы бірнеше мың адам сиятын конгресс орталығында өтеді.

Бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты 2 жылда бір рет ұйымдастырылады. 2013 жылы Алматы да бұл жарысты жоғары деңгейде өткізген. Ал 2017 жылы Германияның Гамбург қаласында өтті.

Ө. Сансызбай