Джокович – жылдың үздік теннисшісі

Джокович – жылдың үздік теннисшісі

Бұл күндері Ұлыбритания астанасы Лондонда теннистен ерлер арасында жылдың қорытынды турнирі өтіп жатқаны белгілі. АТР дәл осы жарыс барысында биылғы маусымда түрлі номинация бойынша өзгелерден оза шапқан теннисшілерді марапаттап жатыр.

Қорытынды жарыс аяқталған соң әлемнің бірінші ракеткасы атанатын серб Новак Джокович жылдың үздік теннисшісі болып қана қоймай, қайырымдылық шараларды көп ұйымдастырғаны үшін берілетін Артур Эша атындағы сыйлықтың жеңімпазы атанды. Бұл маусымда Новак Африка құрлығында теннистің қарқынды дамуына, UNICEF фондының жұмысына белсенді ат салысқан.

Былтырғы жылдың қорытынды жарысында топ жарған швейцариялық Роджер Федерер да Лондоннан құр алақан қайтпады. 31 жасар теннисшіге АТР қауымдастығы өте әділ де таза ойнағаны үшін Штефан Эдберг атындағы «Жыл Джентльмені» атағын беріпті. Сонымен қатар Роджер дауыс беру арқылы анықталған «Көрермен көзайымы» атағын оныншы мәрте ұтып алды.

Әуесқой теннисшілер қауымдастығы неміс жігіті Томми Хаасты жылдың «Үздік ардагер» атағына лайықтапты. 34 жасар Хаас бұл маусымда өте сәтті ойнап, үздік 25 теннисшінің қатарына енген. 14 ай жарақатына байланысты кортқа шыға алмаған Томми үстіміздегі жылы Галле турнирінде топ жарып, Гамбург, Вашингтон сынды додалардың ақтық сынына дейін жеткен.  

Жылдың «Жарық жұлдызы» номинациясы словакиялық Мартин Клижанға бұйырды. 23 жасар теннисші маусым басынан бастап есептегенде АТР санатында 83 сатыға жоғарылап, бұрнағы күні 29-сатыға жайғасқан. Ол Ресейде өткен Санкт-Петербург турнирінің жеңімпазы. Сонымен қатар US Open жарысында Жо-Уилфридом Тсонганы жеңіп, жанкүйерлердің жадында жақсы сақталып қалды.

Жылдың «Талантты теннисшісі» ретінде Маринко Матошевич таңдалды. Аустралиялық теннисші үстіміздегі жылғы маусымда АТР рейтингінде 173-сатыдан 47-сатыға дейін көтерілген.

Жұптық разрядта ағайынды Боб және Майк Брайандарға тең келер ешкім болмады. Бұл жұп АТР қауымдастығының шешімімен әрі жанкүйерлердің дауысы бойынша да жылдың үздік «жұбы» ретінде таңдалды. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: blogspot.com

Ю. НИКУЛЛИН