Мадридтік «Реал» Қазақстанға келмеуі мүмкін

Мадридтік «Реал» Қазақстанға келмеуі мүмкін

Қазақстан Республикасының спорт және дене шынықтыру істері агенттігінде кеше алқа отырысы өтті. Бұл жиында Лондон олимпиадасындағы жетістіктер мен 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындарына дайындық барысы жайлы мәселелер қозғалды. Сонымен қатар Мадридтік «Реал» командасының Қазақстанға келуі, Зулфия Чиншанлоның мәселесі туралы да айтылды.

«Ұлттық құрама Бейжің олимпиадасында 29-орынға табан тіресе, Лондон олимпиадасында 12-орын алдық. Бұл қазақ спортшыларының жеткен жеңісі! 205 мемлекет қатысқан дүбірлі додада еліміз үздіктер қатарынан көрінді. Ол спорттық державаға айналғанымыздың белгісі. Тағы бір басты мәселе - 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындары. Аталған ойындарға еліміздің спортшылары қарқынды дайындық үстінде. Сочиде спорттың 15 түрінен жарыс өтсе, қазақстандықтар оның 12 түрінен өнер көрсетеді. Бастапқы жоспар 40 жолдама алу», - дейді Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев.

— Біздің спортшылар спорттың қай түрінен Сочида топ жаруы мүмкін?

— Жалпы біздің елде бүгінгі таңда тау шаңғысы, биатлон, шорт-трек, конькимен сырғанау спорты жақсы дамып келеді. Жүлдені де осы спорт түрлерінен алуымыз мүмкін.

— Жуырда Зулфия Чиншанло туралы даудың басталғаны белгілі. Сол туралы айтып берсеңіз ...

— Чиншанло біздің спортшы. Мен не үшін Қытай елі Чиншанлоны қайтарғысы келетін білмеймін. Бірақ Зулфия Қазақстан азаматы. Алдағы уақытта да халықаралық ареналарға біздің еліміздің атынан шығатын болады. Ол 27 қазан күні Қазақстанға келіп, жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті. Алда Азия ойындары бар. Сол жақта топ жаруды көздеп отыр.

 — Ертеректе мадридтік «Реал» командасының Қазақстанға келетіндігі туралы айтылған  еді. Корольдік клуб елімізге келетін болды ма? 

— Бұл ақпарат шындыққа ұласпайды. Мен тек Испания спорт федерациясының басшысына мадридтік команданың президентімен кездесу ұйымдастырып беріңіз деп айтқан болатынмын. Егер Мадридтік команданың президентімен кездесетін болсақ, сол жиын барысында «Реалдың» Қазақстанға келу-келмеуі туалы ақылдасатын боламыз.

— Елімізге сырттан спортшыларды шақыру науқаны әлі жалғаса беретін бола ма?

— Егер де сырттан келетін спортшылар шынында мықты болса, онда шақыртамыз. Бірақ елімізде де талантты спортшылар жетерлік. Сондықтан біз өз спортшыларымызбен көп жұмыс істеуге көңіл бөліп отырмыз.

 Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: sports.kz

Ю. НИКУЛЛИН