Олимпиаданың қола жүлдегері «Арландар» сапында

Олимпиаданың қола жүлдегері «Арландар» сапында

Лондон төрінде өткен ХХХ жазғы олимпиада ойындарында қола жүлдеге ие болған қостанайлық былғары қолғап шебері  Иван Дычко «Астана арландарының» сапына қосылды. Бұл туралы WSB-дің ресми сайтына берген сұхбатында Дычконың өзі мәлімдеген.

Сұхбатта Иван: «Биыл «Астана арландары» қалайда жеңіске жетуі тиіс. Жеңіске жетуге барлық жағдай жасалған. Басты қарсыласымыз украиналықтар болмақ. Ал мен Клементо Руссо мен Александр Усикпен қарсы өткізетін кездесулерге  тыңғылықты дайындалуым керек. Алға қойған басты мақсатым - осы сында топ жару. Сонымен қатар 2013 жылғы әлем чемпионатына дайындалу» депті.

Иван Дычконың «Арландар» сапына өткені жалған ақпар еместігіне көз жеткізу үшін біз «Астана арланс» командасының директоры Болат Манкенов мырзаға хабарластық. Болат аға да бұл ақпаратты растады.

"Иә, біз Иванмен келісімге келдік. Бірақ Қазақстан құрамасының боксшылары бұл маусымда көп додаларға қатысқандықтан, Дычко біздің қатарға тек желтоқсан айында ғана қосылады. Ал қазір Иван Дычко жеке бапкерлерімен жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы желтоқсан айында WSB сериясында үзіліс болады. Сол кезде қатарымызға бірнеше қазақстандық боксшыларды қосамыз деп ертеректе айтқан болатынбыз. Сол боксшылардың қатарында Иван да бар.Сонымен қатар Данабек Сужановпен де ауызша келісімге келдік. Ендігі жағдай қалай болатынын алдағы уақытта білетін боламыз",- дейді Болат Манкенов.

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: bnews.kz

Ю. НИКУЛЛИН