2012 жылдың ең бай спортшысы кім?

2012 жылдың ең бай спортшысы кім?

«Forbes» журналы өзінің жаңа рейтингін жария етті. Аталған басылым бұл жолы Лондонда өнер көрсеткен мыңдаған спортшылар арасынан соңғы 12 ай аралығында материалдық тұрғыдан ең көп пайда тапқандардың тізімін көпшілік назарына ұсынған екен. Енді соған назар аударайық...

Бір жылдың аясында қалталы спортшылардың тізімін Роджер Федерер бастап тұр. Бұл сіз бен біз таңданатындай жағдай емес. Швейцарияның әйгілі теннисшісі бұған дейін де мол пайдаға кенеліп келгенін жұрт жақсы біледі. Ол өзінің спорттық мансабында 73 453 677 доллар пайда тапты. Федерер 17 рет «Үлкен дулыға» санатына жататын додаларда топ жарған. Жекелеген сайыста ол АҚШ-тың ашық біріншілігі USA Open жарысында  5 мәрте мерейі үстем болса, Австралия­ның ашық біріншілігі мен Уимбл­донда 4 реттен топ жарды. Бір рет Ролан Гарроста қарсылас шақ кел­тірмеді. 2008 жылы Бейжіңде Олим­пиада ойындарының жеңімпазы атанды. Швейцарияның мықтысы 300 апта бойы АТР рейтингінде көш басында келеді. Теннис спорт түрін серік еткендердің ешқайсысы дәл осындай көрсеткішімен мақтана алмайтын шығар, сірә! Олим­пиада қарсаңындағы бір жыл ішінде 30 жастағы Роджер Федерер 54,3 миллион АҚШ доллармен қалтасын толықтырған.

Екінші орында 27 жастағы АҚШ-тың атақты баскетболшысы Джеймс Леброн. Соңғы бір жылда ол өзінің есепшотына 53 миллион доллар аударды. Бұған дейін Леброн «Клив­ленд Кавальерстің» сапында  7 жыл бойы ойнап, 2010 жылы «Майами Хит» командасына ауысқан болатын. Сол командада  Леброн көптеген биік белесті бағындырды. 2012 жылы Ұлттық баскетбол лигасының (ҰБЛ) жеңімпазы атанды, алты рет ҰБЛ-дың бірінші құрамына енді, талай рет ең құнды ойыншы ретінде танылды. 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы атанса, 2004 жылы Афиныда күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ұлттық баскетбол лигасының тағы бір саңлағы Коби Брайант үшінші сатыда тұр. 34 жастағы америкалық баскетбол­шы өзі көз тіккен белестердің барлығын да бағындырды. Брайант Олимпиада ойындарында екі мәрте алтын тұғырға көтерілді. 5 рет ҰБЛ-дың чемпио­ны атанып, 10 рет ҰБЛ-дың бірінші құрамына ойнады. «Барлық жұлдыздар» матчында 10 мәрте өнер көрсетті. Бір ғажабы, Коби 15 жылдан астам уақыт бойы тек бір ғана «Лос-Анджелес Лейкерс» клубының намысын қор­ғап келеді. Оның соңғы 12 айда тап­қан табысы 52,3 миллион долларды құрайды.

Төртінші орында - Мария Ша­рапова. Ресей аруы тек теннис жа­рыстарынан ғана емес, түрлі жарна­маға түсу арқылы да ақша тауып жүр. Мария тек әйгілі теннисші ғана емес, сондай-ақ көркіне көз тоймайтын сұлу қыз. Спорттағы табыстары жайында айтар болсақ, 25 жастағы теннисші «Үлкен дулыға» санатындағы төрт жарыс­тың барлығын бір-бір реттен ұтқан. WTA турнирлерінде 27 рет топ жарып, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында күміс медальді иеленді. Бүгінгі таңда ол әлемнің екінші ракеткасы. Соң­ғы бір жылдың көлемінде Мария 27,1 миллион доллар табыс тапты. 

АҚШ баскетболшысы Кевин Дюрант бесінші сатыға орналасып тұр. Оның биылғы табысы - 25,5 мил­лион доллар. 23 жастағы ойыншы Вашингтонда туып-өскені­мен, 2007 жылдан бері «Оклахома-Сити Тандер» клубының сапында өнер көрсетуде. Сондай-ақ ол АҚШ құрама командасының мүшесі.

Ауқаттылар тізімінде алтыншы орын АҚШ-тың тағы бір баскетбол­шысы, «Нью-Йорк Никс» клубы­ның ойыншысы Энтони Кармелоға бұйырды. 28 жастағы бойшаң жігіт 22,9 миллион табыс тапқан.

Жетінші саты­ға жайғасқан Ямайканың желаяғы Усейн Болттың табысы - 20,3 миллион дол­лар. Болт бір ғана Олимпиада ойында­ры барысында 100, 200 және 4х100 метрлік сайыста әлемдік рекордтарды жаңғыртқан жер бетіндегі жалғыз адам. Сонымен қатар айтулы спортшы 100 және 200 метрлік қашықтықта бақ сы­нап, қатарынан екі бірдей Олим­пиадада қарсылас шақ келтірген жоқ.

Соңғы бір жыл көлемінде дәулеті тасып, мол олжаға кенелгендер қа­тарында Сербияның теннисшісі Но­вак Джокович (19,8 миллион), АҚШ баскетболшысы Крис Пол (19,2 миллион) және Қытай теннисшісі Ли На (18,4) бар. Осы үшеуі де алғашқы 10 қалталылардың қатарына еркін еніп отыр. Ал одан кейінгі орындар Дэрон Уильямс (АҚШ, баскетбол), По Газоль (Испания, баскетбол), Серена Уильямс (АҚШ, теннис), Каролина Возняцки (Дания, теннис), Тони Паркер (Фран­ция, баскетбол), Энди Мюррей (Ұлы­британия, теннис), Эмануэль Дженобили (Аргентина, баскетбол), Андре Игудала (АҚШ, баскетбол) және Марк Газоль (Испания, баскетбол) сынды саңлақтарға бұйырды.

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет:  spurtup.com, isport.ua, moresporta.com.ua

Ю. НИКУЛЛИН