«Астана-Арланс» командасы толық жасақталып болды

«Астана-Арланс» командасы толық жасақталып болды

WSB тұжырымында еліміздің намысын қорғайтын «Астана-Арланс» кәсіпқой бокс командасы бүгінде Новоалексееква елді мекенінде орналасқан Республикалық олимпиадашылар орталығында өздерінің соңғы дайындықтарын пысықтауда. Алматы маңындағы оқу жаттығу жұмыстарына барып, біз команданың басшыларымен, бокшылармен тілдесіп, алдағы маусымға дайындықтарын сұрап-білдік.

Оқу-жаттығу базасына барғанымызда, бізді команданы екі жыл қатарынан жаттықтырған бүгінде аға бапкер Бейбіт Есжанов ағамыз күтіп алды. Біз де бірден іске кірісіп, команданың  дайындығы туралы сұрадық.

- Команданың дайындығы жақсы деп айтуға болады. Республикалық олимпиадашылар базасында біз үшінші оқу жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін тауда екі жаттығу жиындарын аяқтадық. Өткен аптада боксшылар үйлеріне барып қайтты. Базаға келгенімізге үш күн болды. Енді дайындықты әрмен қарай жалғастыратын боламыз -  деді Бейбіт Есжанов.

- Алдағы маусымға команда толық жасақталып болды ма?

- Ия. Команда толығымен жасақталып болды десе де болады. Біз Эстониядан, Ресейден, Украинадан, Хорватиядан боксшылар шақырттық. Барлық тоғыз салмақ дәрежесінде үш-үштен боксшымыз бар.

- WSB сериясындағы «Украина атамандарына» қарсы шығатын жігіттерді таңдап қойдыңыздар ма?

- Жоқ. «Арландар» сапынан «Атамандарға» қарсы шығатын спортшыларды әл таңдамадық. Кездесуге бір апта қалғанда, бас бапкермен ақылдасып таңдайтын шығармыз.

Бейбіт Есжановпен тілдесіп тұрғанымызда, базаға команданың президенті Болат Манкенов мырза да келіп жетті. Команда құрамы және де қатарға қосылған боксшылар туралы Болат аға айтып берді.

- Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір команда сапы толық. Шет елден бірнеше боксшыларды шақырдық. Желтоқсан айында WSB сериясында үзіліс болады. Сол кезде қатарымызға бірнеше қазақ боксшыларын қосамыз деген жоспар бар.

- Болат аға, былтырғы маусымда «Астана-Арланс» өз алаңында, яғни Қазақстанда өткен кездесулердің басым көпшілігін Астана қаласында өткізді. Бұл жылы қалай болмақ?

- Былтырғы маусымда өз алаңымызда өткізген кездесулердің 80 пайызын біз Астанада өткіздік. Алдағы маусымда енді кездесулердің біреуін ғана Астанада, қалғандарының барлығын Алматыда өткізетін боламыз.

- Телетрансляция туралы қиындықтар туындаған еді ...

- WSB сериясы толығымен қаржылай жоба болғандықтан, телетрансляция туралы проблемалар туындағаны рас. Бірақ алдағы уақытта шешіледі. Қараша айынша WSB сериясының басшыларымен брифниг болады. Сол жерде осы мәселе қаралатын болады. 

Болат ағамызбен әңгімелесіп болған соң, бірден команданың басты жұлдызы, WSB сериясының екі дүркін чемпионы украин жігіті Сергей Деревянчекомен сұхбаттасудың орайы түсті. 

- Сергей, Қазақстан жеріне үйрендіңіз бе?

- Қазақстанның табиғаты керемет екен. Менің туған жеріме ұқсайды. Сондықтан да мен туған жерімді қатты сағынып жатқан жоқпын. Командада Украинадан келген жігіттер бар. Сағынсақ бір мезгіл солармен әңгімелесіп, сағынышымызды басып қалғанбай боламыз (күледі). 

- Сіз WSB сериясының екі дүркін чемпионысыз. Алдағы маусымда үшінші мәрте бұл серияның шыңын бағындыра аласыз ба?

- Алда не болатынын болжау өте қиын. Бірақ үшінші мәрте чемпион болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. 

- Бұл серияда өзіңіздің салмағыңызда кімді басты қарсылас деп бағалайсыз?

- Алдағы маусымға менің байқауымша тек "Астана-Арланс" командасы ғана толық дайын секілді. Ал қалған ұжымдар әлі де болса, қатарларына қосылған боксшылардың есімін атамады. Сондықтан мен алдағы уақытта кіммен жолығатынымды білмеймін. Ал былтырғы маусымда менің басты қарсыласым ол сөзсіз - Қанат Ислам болды. 

Назарларыңызға "Астана-Арланс" командасына жаңадан қосылған боксшыларды ұсынамыз: 

Константин Снигур (Ресей)

Леонид Мальков (Украина)

Роман Капитоненко (Украина)

Филип Хргович (Хорватия)

 WSB сериясының үшінші маусымында өнер көрсететін "Астана-Арланс" командасы.

Республикалық олимпиадашылар базасынан: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Ю. НИКУЛЛИН