Ярослава Шведова WTA рейтингісінде 26-орынға көтерілді

Ярослава Шведова  WTA рейтингісінде 26-орынға көтерілді

Теннистен Қазақстан әйелдері арасындағы көшбасшы Ярослава Шведова жаңартылған WTA рейтингісінде өз орнын жақсартты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.  

Шведова өткен аптада үздіктер қатарында үш сатыға жоғары көтеріліп, 26-орынға жайғасты. Естеріңізде болса, жақында қазақстандық теннисші қыз Кремль Кубогына қатысып, жекелей сында екінші кезеңге дейін жетіп, Мария Кириленкодан ұтылып қалған болатын. Ал жұптық сында словениялық Катарина Среботникпен бірге жартылай финалға жетіп, осы кезеңде корд иелері Екатерина Макарова - Елена Веснина жұбынан тізе бүккен еді.

Қазақстанның тағы бір өкілі Галина Воскобоева да өз орнын бір сатыға жақсартып, енді ол 81-орынды иеленді. Сесиль Каратанчева болса, 87-ден 83-орынға жоғарылады. Ксения Первак та аз да болса жағдайын түзеп, 105-орынға келді.  

Рейтингтің алғашқы ондығында да өзгерістер орын алды. Неміс Анжелика Кербер бесінші орындағы чех қызы Петра Квитованы бір сатыға төмен ығыстырса, қытайлық Ли На да өзінің 7-орнынан 8-ге шегінді. Ал әлемдік көшті Беларусь қызы Виктория Азаренко бастап тұр.     

Дайындаған: Болат қосмағамбет

сурет: gotennis.ru

 


Б. Қосмағамбет