Орынборлық қазақ қарсыласын нокаутқа түсіріп, әлем чемпионы атанды

Орынборлық қазақ қарсыласын нокаутқа түсіріп, әлем чемпионы атанды
Фото: itd1.mycdn.me

Аралас жекпе-жектен ресейлік файтер, орынборлық қазақ Дамир Ысмағұлов 70,2 келі салмақта M-1 Global чемпионы атанды. Ол M-1 Challenge 78 турнирінің титулға талас жекпе-жегінде отандасы Максим Дивничті техникалық нокаутпен жеңді.

Жекпе-жек бес минуттан бес раунд форматында өтті. Рефери жекпе-жектің аяқталуына 15 секунд қалғанда тоқтатты. Бұл кезде Ысмағұловтың қарсыласы соққыға белсенді қорғаныс таныта алмаған еді. 26 жастағы Ысмағұлов мансабындағы 12-ші жеңісіне қол жеткізді. Оның екі жеңілісі бар.

Дамир Ысмағұлов Орынборда туып-өскен және жергілікті "Боец" клубының өкілі. Ол Аралас жекпе-жектен Дүниежүзілік ассоциациясының Азиялық дивизионында өтіп жүрген "Номадтар шайқасы" кәсіпқой турнирінде талай мәрте топ жарған. Аралас жекпе-жектен кейбір турнирлерде ол Қазақстанның атынан да шыққан.

Ал M-1 Global турнирінде Ысмағұлов Ресей азаматы ретінде тіркелген. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін берген сұхбатында Дамир көрермендерге, бапкерлерге, туыстарына және қазақстандық жанкүйерлеріне алғыс білдірді. 

"Бүгінгі жеңісіммен 60 ауласы бар, интернетсіз ауылдан шыққан баланың әлем чемпионы бола алатынын дәлелдедім. Менің қолымнан келсе, сіздердің де қолдан келеді. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі болсын. Бұл біздің жеңісіміз. Қазақстандағы ағайынға алғыс. Бұл керемет қолдау. Олар мені қолдауға келді. Саламалейкум, Қазақстан. Зор алғыс білдіремін", - деді спортшы.

Дереккөз: vesti.kz

Г. Берік