Қанат Ислам екі бірдей чемпиондық атаққа ие болды

Қанат Ислам екі бірдей чемпиондық атаққа ие болды
Фото: vk.com

Әлемдік аренада «Qazaq» деген лақап атпен ел абыройын асырып жүрген отандасымыз Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы 24-ші жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз АҚШ-тың Флорида штатындағы Бока Ратон қаласында мексикалық боксшы Норберто Гонсалесті айқын жеңді.

12 раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін жалғасты. Алғашқы минуттардан-ақ алға ұмтыла түскен Қанат қарсыласын раунд санап қыспаққа ала түсті. Қарқынына қарқын қосып, Норберто Гонсалесті артық адым аштырмауға тырысты. 5-ші раундта мексикалық боксшы қабағынан жарақат алғанмен, жекпе-жекті жалғастыра білді. 12 раундқа шыдап бақты. Ал «Qazaq» намысты қолдан бермей, жекпе-жекті бақылауында ұстады.

12 раундтық жекпе-жек қорытындысы бойынша Қанат Ислам төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Нәтижесінде осыған дейін бос келген "WBO NABO" және "WBA Inter-Continental" чемпиондық атақтарын жеңіп алды. 

Боксшы жеңісін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнады.

Айта кетейік, Қанат Ислам бақ сынаған бокс кешінде отандасымыз Жанқош Тұраров та шаршы алаңға шықты. Отандасымыз қарсыласы Густаво Гарибайды үшінші раундта айқын басымдықпен жеңіп шықты.

Ө. Сансызбай