Қанат Ислам жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен өтті

Қанат Ислам жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен өтті

Қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам ертең таңда өткізетін жекпе-жегі алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Бұл туралы боксшының командасына сілтеме жасап Vesti.kz сайтының қазақ бөлімі хабарлады. 

Қанат пен қарсыласы Норберто Гонсалес бірінші орта салмақта (154 фунт) жұдырықтасуға рұқсат алды. Боксшылардың салмақ көрсеткіштері норма талаптарынан шыққан.

Қос боксшы арасындағы жекпе-жекте "WBO NABO" және "WBA Inter-Continental" белбеулері сарапқа салынады. Бокс кеші АҚШ-тың Флорида штатына қарасты Бока Ратон қаласында өтеді. Жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған.

Мексикалық боксшы бүгінге дейін 31 кездесу өткізіп, 23-інде жеңіске жеткен. 13 жекпе-жегін нокаутпен ұтқан. 8 кездесуінде жеңіліс тапқан. Норберто Гонсалестің лақап аты – Әзәзіл! Ол өз салмағы бойынша мексикалық боксшылардың үздік төрттігінде.

Айта кетейік, кеше Қанат Ислам Халықаралық бокс қауымдастығының (IBF) жаңарған құрлықтық рейтингінде бірінші орынға шыққан болатын. 

Қанат шаршы алаңға шығатын бокс кешінде Жанқош Тұраров та кезекті кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы да мексикалық боксшы – Густаво Гарибай. Екі боксшы да салмақ өлшеу рәсімінде норма талаптарын (147 фунт) орындай алмады. Нәтижесінде екіжақты келісім бойынша 151 фунтта жұдырықтасатын болды. Бұл жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған.

Айта кетейік, қазақстандықтар қазақ боксшыларының жекпе-жегін "Қазақстан" ұлттық арнасынан тікелей эфирде көре алады. 

Ө. Сансызбай