"Арландардың" жартылай финалдағы бірінші жекпе-жегі Қостанайда өтеді

"Арландардың" жартылай финалдағы бірінші жекпе-жегі Қостанайда өтеді
Фото: Astana Arlans ( вк парақшасы)

Биылғы Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жартылай финалына шыққан "Astana Arlans" бокс клубы алғашқы кездесуін Қостанайда өткізеді. Ұлыбританияның "British Leonhearts" командасымен өтетін бокс кеші 3 маусымға жоспарланған.

Қазақстандық команда 2014 жылдан бері WSB жобасындағы кездесулерін еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіп келеді. Еліміздің өңірлерін әлемге таныту мен сол өңірлердегі бокс жанкүйерлеріне қуаныш сыйлау – команданың басты мақсаты.

"Astana Arlans" клубы биыл жетінші маусым қатарынан жартылай финалға шығып отыр. WSB жобасындағы ең көп жүлделі орыннан көрінген командалардың бірі.

Айта кетейік, Арландар ширек финалда Ресейдің "Patriot Boxing Team" командасын екі кездесу қорытындысы бойынша айқын жеңіп жартылай финалға шыққан болатын. Ал жартылай финалда қазақстандық клубтың қарсыласы атанған Ұлыбританияның "British Leonhearts" ширек финалда Францияның "France Fighting Roosters" командасын жарыс жолынан шығарған еді. Командалар арасындағы қарымта кездесу 8 маусым күні Лондонда өтеді.

Жартылай финалдағы екінші жұпта "Cuba Domeodores" – "Colombia Heroicos" командалары кездеседі.

Ө. Сансызбай