"Арландар" бірінші кездесуде "Ресей патриоттарынан" басым түсті

"Арландар" бірінші кездесуде "Ресей патриоттарынан" басым түсті
Фото: vk.com (Astana Arlans)

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын "Astana Arlans" ширек финалдағы Ресейдің "Patriot Boxing Team" командасына қарсы бірінші кездесуін өткізді. Кемеровада өткен бокс кешінде отандастарымыз 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші болып шаршы алаңға көтерілген 49 келіге дейінгі салмақтағы боксшылардың жекпе-жегінде отандасымыз Теміртас Жүсіпов Батор Сагалуевке ұтылды. Ол осы маусымда ресейлік боксшыдан екінші рет жеңілді.

56 келіге дейінгі салмақта Ілияс Сүлейменов Максим Чернышевті ұтып, есепті теңестірді. Ал 64 келіге дейінгі салмақта Ділмұрат Мижитов "Astana Arlans" командасын алға шығарды. Ол Алексей Мазурдан айласын асырды.

75 келіге дейінгі салмақта Сапарбай Айдаров ресейлік боксшы Андрей Ковальчукты 3:0 (48:47 48:47 48:47) есебімен ұтып, отандастарымызға ерте жеңіс сыйлады. Соңғы жекпе-жекте шаршы алаңға шыққан Антон Пинчук Илья Квасниковтан ұтылды. Бірінші раундта нокдаун алып, екінші раундта төрешілер жекпе-жекті тоқтатты.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 20 мамыр күні Қарағандыда өтеді.

Ө. Сансызбай