Бекман Сойлыбаев "WBC International" чемпиондық белбеуін жеңіп алды

Бекман Сойлыбаев "WBC International" чемпиондық белбеуін жеңіп алды
Фото: diamondring.kz

Қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев бүгін Мексиканың Чиуауа қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде венесуэлалық Самуэл Гонсалеспен (13-4-0, 9КО) жұдырық түйістіріп, WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Бұл туралы "Diamondring" кәсіпқой спорттық ұйымының ресми сайты хабарлады. 

"Канело" мен Хулио Сезар Чавестің ағалары Рамон Альварес пен Омар Чавес жекпе-жегінің андеркартында өткен Бекман Сойлыбаев пен Самуэл Гонсалестің айқасы 10 раундқа жоспарланған болатын. Айқастың қорытындысы бойынша төрешілердің екеуі жеңісті жерлесімізге беріп, Бекман "WBC International" чемпиондық белбеуін иеленді.

Бірінші раундтан бастап тізгінді өз қолына алған "Diamond Ring" боксшысы қарқынын раунд өткен сайын күшейте берді. Комбинациялық шабуылдарды сәтті пайдаланып, қарсыласының қорғанысын бұзып жаруға тырысқан. Дегенмен, Венесуэла боксшысы да қайтпайды екен, қарымта шабуылдарға иек артқан оның да соққылары нәтижесін беріп жатты. Бірақ, соңғы раундтар толығымен Бекманның еншісіне жазылып, төрешілердің шешімімен жерлесіміз жеңіске жетті. Есеп – 2:1 (96-92, 97-93, 93-97).

– Жекпе-жектің WBC International чемпиондық белбеуіне өтуі қазақстандық жанкүйерлер үшін тосын сый болды. Менің командам соңына дейін мұны құпия ұстап, тек жекпе-жек алдында ғана жария етуді жөн көрді. Өйткені, қазіргі кезде кәсіпқой бокста бәрі де бірер секундтың ішінде өзгеріп шыға келеді. Сондықтан, маған жағдай жасап, чемпиондық айқас ұйымдастырып бергені үшін командама алғыс айтамын. Ал қарсыласым оңай шағылар жаңғақ емес екен. Ол да WBC International белбеуін иеленгісі келді. Менің шабуылдарыма жауап қайтарып отырды. Алайда, ойлаған комбинацияларымды 100 пайыз болмаса да, барынша жүзеге асыра алдым. Жекпе-жектің екінші жартысында қарсыласымның аздап шаршай бастағанын байқадым да, шаршы алаңда жылдамырақ қимылдауға тырысып, сериялық шабуылдарға көштім. Бұл жеңісімді маған сенген барша жанкүйерлеріме арнаймын! Енді мен бұдан да үлкен айқастарға дайынмын. Өз салмағымда әлемнің ең мықты боксшыларына қарсы жұдырыстасқым келеді, – деді жекпе-жектен кейін ағынан жарылған Бекман Сойлыбаев.

Осылайша «Diamond Ring» боксшысы кәсіпқой шаршы алаңдағы қатарынан 11-ші жеңісіне қол жеткізіп қана қоймай, "WBC International" чемпиондық белбеуін де иеленді.

Ө. Сансызбай