Анатолий Бозе: "Астана" командасының ойыншысы болғаныма қуаныштымын"

Анатолий Бозе: "Астана" командасының ойыншысы болғаныма қуаныштымын"

Қыркүйек айының аяғында «Астана» баскетбол командасы қатарға қосылған жаңа ойыншыларын таныстырған болатын. Команда сапына тәжірибелі де білікті спортшылармен қатар, жас ойыншыларды да қосты. Елордалық команданың қатарында Аустралиядан келген шабуылшы - Анатолий Бозе де бар. Бүгінде «Астана» баскетбол командасы жаңа маусымға дайындық өткізуде. Осы орайда Аустралиядан келген ойыншымен сұхбаттасудың орайы түсті.

— Анатолий, «Астана» баскетбол командасында өзіңізді қалай сезінудесіз?

— «Астана» командасының ойыншысы атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл команда маған өте қатты ұнайды. Ұжым ішіндегі қарым-қатынас та керемет.
— Сіз ұзақ уақыт бойы Аустралияда ойнадыңыз. Қалай ойлайсыз, WTB біріккен лигасы «жасыл құрлықтың» біріншілігінен жоғары ма?
— Иә. Әрине. WTB біріккен лигасы жалпы әлемдегі екінші Лига болып табылады. WTB лигасынан тек АҚШ-тың NBA біріншілігі ғана мықты.
— Команда сапындағы ойыншылармен танысып үлгердіңіз бе?
— Маған командадағы ойыншылармен тіл табысу қиын болған жоқ. Өйткені, мен ағылшын тілін де, орыс тілін де жетік меңгергем. Клубтағы барлық ойыншылармен қарым-қатынасым жақсы.
— Қазақстанның елордасы ұнады ма?
— Астана – өте әдемі қала. Шынымды айтсам, аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан астанасы дәл осылай көркейіп кетеді деп ойламаппын. Бұл қаланы – «Жаңа Дубай» деп айтсам, артық емес.
— Қазақстанда туысқандарыңыз бар ма?
— Иә. Мен Алматы қаласында дүниеге келгем. Туыстарымның көпшілігі Алматыда тұрады.
— Туыстарыңызды көріп үлгердіңіз бе?
— Өкінішке орай, мен әлі туыстарымды көріп үлгермедім. Өйткені, жуырда ғана оқу-жаттығу жиынынан келдік. Алдағы уақытта Алматыға жолым түсіп жатса, міндетті түрде туыстарымды аралап шығамын.
— «Астана» баскетбол командасы алдағы WTB біріншілігінде қаншалықты сәтті өнер көрсете алады деп ойлайсыз?
— Жаттығуларымыз жақсы өтуде. Егер әрбір ойында жұдырықтай жұмылып ойнайтын болсақ, кез келген команданы жеңе аламыз деп ойлаймын. WTB біріншілігінде мүмкіндігінше сәтті ойнауға тырысамыз.
— Қазақстанның баскетбол жанкүйерлеріне қандай тілек айтасыз?
— Мен Қазақстанның жалпы спортсүйер қауымынан «Астана» командасының әрбір ойынына келіп, бізді қолдауларын сұрар едім. Жеңіске бірге жетейік!

— Әңгімеңізге рахмет!

PS. Аустралиядан келген Анатолий Бозе өзінің тарихи отаны Қазақстан азаматтығын қабылдап, енді «Астана» сапында Анатолий Колесников тегімен Қазақстан азаматы ретінде өнер көрсететін болады.

Сұхбаттасқан: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: vesti.kz

У. ҚОСАНБАЙ