Бекман Сойлыбаев венесуэлалық боксшымен жұдырықтасады

Бекман Сойлыбаев венесуэлалық боксшымен жұдырықтасады
Фото: diamondring.kz

Қазақ кәсіпқой боксшысы Бекман Сойлыбаев келесі жекпе-жегін венесуэлалық Самуэль Гонсалеске қарсы өткізеді. Бұл туралы "Diamondring" кәсіпқой спорттық ұйымының ресми сайты хабарлады. 

Өз елінде "Эль Пана" деген атпен танымал Самуэль Гонсалес кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, соның 13-ін өз пайдасына аяқтаған екен. Тоғызын нокаутпен жеңген. Соңғы айқасын өткен жылдың желтоқсанында жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген мексикалық Хулио Барразаға қарсы өткізіп, сегізінші раундта айқын басымдықпен ұтқан.

Бекман Сойлыбаев пен Самуэль Гонсалес арасындағы айқас 29 сәуір күні Мексиканың Росарито қаласында "Канело" мен Хулио Сезар Чавестің туған ағалары Рамон Альварес пен Омар Чавес арасындағы жекпе-жектің андеркартында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, WBC EPBC және WBA NABA чемпиондық белбеулерінің иегері Бекман Сойлыбаев бүгінде танымал жаттықтырушы Эрик Браунның қарамағында Лос-Анджелесте жаттығып жүр. Кәсіпқой бокста 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

Ө. Сансызбай