Ағылшын премьер-лигасының ең үздік футболшысы анықталды

Ағылшын премьер-лигасының ең үздік футболшысы анықталды
Фото: thetimes.co.uk

Англия кәсіби футболшылар қауымдастығы (PFA) мәресіне таяп келе жатқан маусымның ең үздік футболшысын анықтады. Үздік футболшыны 100-ге жуық команданың жетекшілері мен кәсіи ойыншылар дауыс беру арқылы таңдады.

Лондонда өткен "PFA Awards-2017" марапаттау кешінде "Челси" футбол клубының жартылай қорғаушысы Н'Голо Канте үздік болып танылды. Ол бұл сыйлыққа ие болған үшінші француз футболшысы. Осыған дейін мұндай атаққа отандастары Патрик Виейра (2001) мен Тьерри Анри (2004, 2006) ие болған.

"PFA" таңдауы бойынша маусымның үздік футболшысы марапаты 1974 жылдан бері беріліп келеді. Өткен маусымда Лестер ойыншысы Рияд Марез ие болған. Ал оған дейін бұл марапатты ағылшын премьер-лигасында ойнаған Луис Суарес, Гарет Бейл, Уэйн Руни, Райан Гиггз, Стивен Джеррард, Тьерри Анри, Руд ван Нистелрой, Тедди Шерингем, Рой Кин, Алан Ширер, Криштиану Роналду, Эрик Кантона сынды футболшылар да жеңіп алған.

Н'Голо Канте "Челси" командасына өткен жылдың шілде айында "Лестерден" ауысып келген еді. Одан бергі аралықта ақсүйектер сапында 36 ойынға қатысып, 2 гол соғып үлгерді.

Ең үздік жас ойыншы марапатына "Тоттенхэм" жартылай қорғаушысы Деле Алли ие болды.

Ө. Сансызбай