"Реал" "Баварияны" қосымша уақытта сан соқтырды (видео)

"Реал" "Баварияны" қосымша уақытта сан соқтырды (видео)
Фото: vk.com

Мадридте өткен "Реал" мен "Бавария" арасындағы қарымта ойын тартысқа толы болды. Ойынның негізгі уақытында мюнхендік клуб алаң иелерін 2:1 есебімен ұтқанмен, қосымша уақытта корольдік клубтың асығы алшысынан түсті.

Бірінші таймда командалар гол соға алған жоқ. Қос команда ойыншыларында да есеп ашуға мүмкіндіктер болды. Әсіресе дәл соққы бағыттауда "Реал" алда болды. Ал екінші таймда "Бавария" қаһарына мінді. Шабуылда ширақ ойнап, алаң иелерін адым аштырмауға тырысты.

52 минутта Каземиро айып алаңында Арьен Роббенге қарсы ойын ережесін бұзып, бас төреші Виктор Кашшай пенальти белгіледі. 11 метрлік айып соққысынан Роберт Левандовский мүлт кеткен жоқ.

Бір голдан кейін "Бавария" шабуылын үдете түсті. Ал "Реал" ойыншылары қарымта шабуылға иек артумен болды. 76 минутта Каземироның әуелете асырған добына Криштиану Роналду бірінші жетіп, баспен соққы бағыттады. Доп Мануэль Нойер қорғаған қақпаның торында тулады. Алайда артынша Серхио Рамос өз қақпасына автогол соғып алды.

Ойындағы шешуші сәттердің бірі 84 минутта болды. Артуро Видаль екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Негізгі уақытта осы есеп сақталып, командалар қосымша уақытта барып жеңімпазды анықтады.

105 минутта Криштиану Роналду есепті теңестірді. Ал жалпы есепте "Реалды" алға шығарды. Бір қарағанда мадридтік клубтың сұрмергені ойыннан тыс қалғандай (оффсайд) көрінген. Дегенмен бас төреші голды есепке алды. Араға 5 минут сала Роналду хет-трик авторы атанды. Сондай-ақ Чемпиондар лигасындағы 100-голын соқты.

112 минутта Марко Асенсио есепті 4:2-ге жеткізіп, "Реалға" айқын жеңіс сыйлады. Қос ойын қорытындысы бойынша "корольдік клуб" 6:3 есебімен "Бавариядан" басым түсті. Нәтижесінде "Реал" Чемпиондар лигасының жартылай финалына 7 маусым қатарынан шыққан алғашқы команда атанып отыр.

Айта кетейік, осыған дейін Чемпиондар лигасының жартылай финалына бірінші болып мадридтік тағы бір клуб "Атлетико" жолдама алған болатын.

Жартылай финалға шығатын қалған екі команда "Барселона" мен "Ювентус", "Монако" мен "Боруссия д" командаларының қарымта кездесуінен кейін анықталады. 

Ө. Сансызбай