Жекпе-жектің жас қаһармандары

О Сансызбай Корреспондент
Жекпе-жектің жас қаһармандары
Фото ©️ Ақын Ордабай

Ұшса құс қанаты талатын, шапса ат тұяғы талатын кең-байтақ қазақ даласын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен  сыртқы жаудан қорғауда  өмірлерін  құрбан еткен батыр бабаларымыз жекпе-жек өнерін жақсы меңгергенін тасқа қашалған тарихтан білеміз. Ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмай жалғасып келе жатқан ұлттық өнерлеріміздің ішінде жекпе-жек өнерінің де алатын орны ерекше.

БӨЛІСУ

Жас ұрпаққа ұлттық жекпе-жек өнерін насихаттап, ел ішінде кеңінен дамыту жолында ҚР «Жекпе-жек Ұлттық спорт федерациясы» орасан жұмыс атқарып келеді. Бүгінгі таңда айтулы қауымдастықтың белсенді жұмысының арқасында елімізде көптеген ірі жарыстар ұйымдастырылып жекпе-жек өнерінен ел  чемпионаттары өтіп келеді.  Еліміздің әр өңірінде айтулы спорт түріне әсіресе жас буынның айрықша қызығушылық білдіріп, асқан құштарлықпен айналысып келе жатқандығы көңіл қуантады.

Наурыздың соңы мен сәуір айының басында Алматыда ұлттық өнеріміздің бірі деп бағалауға болатын жекпе-жек түрінен жас жеткіншектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті.  Дүниежүзілік жек-жек қауымдастығының президенті, елімізге танымал, ұлтжанды  азамат Сабыржан Ғалымжанұлы Махметовтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде бүгінде ұлттық жекпе-жек түрі елімізде айрықша қарқын алып, дамып  келеді. Осы жолғы  байрақты  жарысқа  еліміздің 12 облысы мен 2 қаласынан 300 спортшы  келіп қатысты. Осындай дүбірлі өткен ел чемпионаттарына қатысушы жас жекпе-жек  майталмандарының саны арта түсуінен қарап отырып, айтулы жек-жек түрінің өрісі кеңи түскенін байқаймыз.

Оңтүстік астанамызда ұйымдастырылған жекпе-жек 7 жастан 14-жасқа дейінгі аралықта  22 салмақ дәрежесі бойынша өтті.  Айталық, 2007-2008 ж туылған балалардың арасынан 25 келіге дейінгі салмақта Алматы қаласының спортшысы Төлеухан Абылайға тең келер ешкім болмаса, 45 келіге дейінгі салмақ бойынша 2005-2006 жылғы жас шеберлердің ортасынан топ жарып шыққан алматылық Берікбай Зиятбек 1-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, 2007-2008 жылғы жасөспірімдер арасында 29 келіге дейінгі салмақта астаналық Дүйсенбай Әлтайыр, 38 келіде (2003-2008 ж  арасында) қызылордалық Баянбаев Нұрасыл, 33 келіде (2003-2004) Асқар Нұрлан Атырау облысынан (2007-2008  ж) және 29 келіге дейінгі салмақта 2005-2006 жылы туылған түлектердің арасынан Алматы облысының жекпе-жек шебері Болат Даниялдар Қазақстан чемпионатының чемпиондары болып танылды. Жалпыкомандалық есепте 1-орынды Алматы қаласы иеленсе, 2-орынды Алматы облысы, 3-орынды Атырау облысының жасөспірім жекпе-жек шеберлері жеңіп алды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрмет қағаздарымен марапатталды.

Жас өрендер арасында өткен аламан жекпе-жекті өткізуге ҚР Мәдениет және Спорт Министрлігі,  Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің «Ұлттық штаттаттық командалар және спорт резерві дирекциясы»  атсалысып, ұйытқы болған екен. «Жастық-арман, бұл сенім, бұл – ерлікке құштарлық, бұл болашақ атаулының басталуы» - деген екен Назым Хикмет. Ендеше ұлттық  жекпе-жек өнерімізді дамытушы балғын жүрек балалардың болашағына сәттілік тілесек жөн болар.

Ақын Ордабайұлы