Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатында ел намысын қорғайды

Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатында ел намысын қорғайды
Фото: google.kz, cdn.tribuna.com

Бүгін мәнерлеп сырғанаудан Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде әлем чемпионаты басталады. Бұл додада ел намысын Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева қорғайды.

Хельсинкедегі додаға әлемнің кіл мықты мәнерлеп сырғанаушылары қатысады. Жекелей сында ерлер мен әйелдер, жұптасып сырғанау мен мұздағы би бойынша жеңімпаздар анықталатын болады.

Ерлер арасындағы бәсекеде Юдзуро Ханю (Жапония), Натан Чен (АҚШ), Патрик Чан (Канада), Хавьер Фернандес (Испания) пен Сема Уно (Жапония) сынды саңлақ спортшылар фаворит саналып отыр. Спорт сарапшылары бұлардың қатарына Денис Тенді де қосуда. Саппородағы (қысқы Азиада) сәтсіздігінен кейін отандасымыз бұл жарысқа тыңғылықты дайындалғаны сөзсіз.

Қыздар арасында Элизабеттің қарсыластарының да бәсі жоғары. Жүлделі орыннан барынша үміттілер қатарында Евгения Медведева (Ресей), Каролина Костнер (Италия), Маи Михара (Жапония), Габриэль Дэйлман (Канада), Эшли Вагнер (АҚШ), Кэйтлин Осмонд (Канада) пен Анна Погорилая (Ресей) бар. Канадалық маман Брайан Орсер жаттықтыратын отандасымыз Элизабет те үздіктер қатарынан көрінуге бір табан жақын спортшылар санатынан.

Әлем чемпионатын тікелей эфирде "KazSport" арнасы көрсететін болады. Бүгін қыздар арасындағы қысқа бағдарлама мен жұптық сайыстардың қысқа бағдарламасы бойынша спортшылар жарыс жолына шығады.

Әлем чемпионаты 2 сәуірге дейін жалғасады. Жарыстың спортшылар үшін маңызы жоғары. Себебі 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына жолдама (квота) ұпайлары берілетін болады. 

Ө. Сансызбай