Мейірім Нұрсұлтановтың кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды

Мейірім Нұрсұлтановтың кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды
Фото: Main Events

Қазақ кәсіпқой боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов келесі жекпе-жегін 15 сәуір күні АҚШ-тың Коннектикут штатында өткізеді. Қарсыласы – америкалық Обафеми Бакаре.

Қос боксшы арасындағы орта салмақта өтетін бокс жекпе-жегі 6 раундқа жоспарланған. Америкалық боксшы осыған дейін кәсіпқой бокста төрт кездесу өткізген. Оның біреуінде ғана жеңілген. Оны жеңген боксшы, отандасымыз – Мадияр Әшкеев. Бір жыл бұрын қазақстандық боксшы Обафеми Бакарені ұпай айырмасымен ұтып шыққан болатын.

Айта кетейік, бұл жекпе-жек Мейірімнің кәсіпқой бокстағы екінші кездесуі болмақ. Ол алғашқы кездесуінде Сергей Ковалев пен Андре Уорд жекпе-жегінің андеркартында шаршы алаңға шығып, америкалық Генри Бэкфордты жеңген еді. 

Ө. Сансызбай