"Астана Арландары" "Чайна Драгонс" боксшыларын тізе бүктірді

"Астана Арландары" "Чайна Драгонс" боксшыларын тізе бүктірді
Фото: vesti.kz

Қазақстандық "Астана Арланс" клубы Дүниежүзілік бокссериясының жаңа маусымында "Чайна Драгонс" командасын жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Атырауда өткен кездесу 5:0 есебімен аяқталды.  Бірінші жекпе-жекте 49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов пен Джунджун Хе жұдырықтасты. Бес раундтың қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы басым болды.

Екінші жекпе-жекте Ілияс Сүлейменов (56 келіге дейін) Лонг Вангты тізе бүктіріп, есепте еселей түсті.

Үшінші жекпе-жекте 64 келіге дейінгі категорияда Ділмұрат Мәжитов Лю Янды төрешілердің бірауыздан шығарған шешімі бойынша жеңді. Осылайша, қазақстандық команда жеңіске жетті.  Айта кетейік, төртінші раундта Мәжитов қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірген, алайда қытайлық спортшы жекпе-жекті жалғастырды.


Төртінші текетіресте Сапарбай Айдаров пен Минганг Жао кездесті (75 келіге дейін). Қазақстандық басым түсті - 3:0. 
Ал соңғы жекпе-жекте Антон Пинчук пен Сергей Новико кездесті. Бұл жұдырықтасуда да "Астана Арланс" мүшесі 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Ө. Сансызбай