«Барыс» пен «Трактордың» плей-офф кезеңіндегі жеңістер саны теңесті

«Барыс» пен «Трактордың» плей-офф кезеңіндегі жеңістер саны теңесті
Фото: vesti.kz

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде Челябінің «Трактор» командасымен төртінші рет кездесті. Нәтижесінде қос команданың жеңістер саны теңесті.

Қос команда арасындағы төртінші ойында ресейлік команда қосымша уақытта жеңіске жетті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталған болатын.

Бірінші кезеңде командалар шайба соға алған жоқ. Екінші кезеңде Пол Щехурдың соққан шайбасы «Тракторды» алға шығарды. 54 минутта Найджел Доус таразы басын теңестірді. Қорытындысында ойын жеңімпазы қосымша уақытта анықталды. Видеоқайталаудан кейін Юрий Петровтың шайбасы есепке алынып, челябілік команда жалпы есепте нәтижені теңестірді.

«Трактор» мен «Барыс» арасындағы бесінші ойын 2 наурыз күні Челябіде өтеді. Тікелей эфирде «KazSport» арнасы көрсететін болады.

Айта кетейік, құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде төрт рет жеңіске жеткен команда келесі кезеңге өтеді. 

Ө. Сансызбай