Қазақстан құрамасы Азия ойындарында төртінші орын алды

Қазақстан құрамасы Азия ойындарында төртінші орын алды
Фото: Ізтұрған Алдауев

19 ақпан күні Жапонияның Саппоро қаласында жалауын көтерген VIII қысқы Азия ойындары бүгін өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды.

Қазақстандық спортшылар Жапония жерінде 9 алтын 11 күміс 12 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде қоржынымызға жалпы саны 32 медаль түсті.

Қысқы ойындардың қорытындысы бойынша жарыс қожайындары бірінші орынды алды. Олар 74 медаль ұтып алды: 27 алтын, 21 күміс және 26 қола. Екінші орында Оңтүстік Корея құрамасы (16-18-16) иеленді. Ал үшінші орынды Қытай құрамасы (12-14-9) иеленді.

Саппорода спортшылар спорттың 11 түрінен бақ сынап, 64 медальдар жиынтығын сарапқа салды.

Айта кетейік, осыған дейінгі Азия ойындары 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өткен болатын. Ол кезде Қазақстан құрамасы 32 алтын 21 күміс 17 қола жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған еді. 

Ө. Сансызбай