Сауль Альварес Геннадий Головкиннің салмағына ауыспақ

Сауль Альварес Геннадий Головкиннің салмағына ауыспақ
Фото: Boxing Betting

"WBO" тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварес (48-1-1, 34 КО) отандасы кіші Хулио Сезар Чавеспен 50-2-1, 32 KO) өтетін жекпе-жегінен кейінгі жоспарымен бөлісті.

Мексикалық боксшының айтуы бойынша, бұл жекпе-жектен кейін ол чемпиондық атағын қорғайтын кездесу өткізуге мүдделі емес екен. Керісінше Сауль салмақ ауыстырып, орта салмаққа көшеді екен. 

- Бұл кездесуден кейін мен тек орта салмақта жұдырықтасатын боламын. Мен командаммен бұл туралы ақылдастым. Алдағы жоспарым - орта салмаққа ауысу. Мен бірінші орта салмақта чемпиондық атағымды қорғамаймын. Чавеспен болатын жекпе-жекке келетін болсам, бұл кездесуде екеуміз де тәуекелге бел буып отырмыз. Ол бірнеше келі тастаса, мен керісінше бірнеше келі қосуым керек. Кейде бокста мұндай тәуекелге бару керек. Мен алдағы жекпе-жек туралы уайымдап отырғаным жоқ", - деп келтіреді Альварестің сөзін BoxingScene.com. 

Айта кетейік, орта салмақтағы қазіргі уақыттағы ең мықты боксшы Геннадий Головкин 36-0, 33 КО). Қазақстандық боксшы бұл салмақта "WBA" (Super), "IBO", "WBC" және "IBF" тұжырымдарының чемпионы. 2016 жылдың мамырында "Канело" Әмір Ханды жеңгеннен кейін жұртшылықтың көзінше GGG-ді жекпе-жекке шақырған болатын. Бірақ арада бірнеше ай өткеннен кейін ол өзінің орта салмақтағы WBC тұжырымының чемпиондық белбеуінен бас тартып, бірінші орта салмаққа ауысып кеткен еді. Ал белбеу болса Геннадий Головкинге берілген-ді.

Ө. Сансызбай