"Барыс" бірінші ойында "Трактордан" басым түсті

"Барыс" бірінші ойында "Трактордан" басым түсті
Фото: vesti.kz

"Барыс" құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде қарсылас атанған Челябинскінің "Тракто"р командасын бірінші ойында ұтты. Сырт алаңда өткен ойында елордалық ұжым қарсыластарынан 5:2 есебімен басым түсті.

Эдуард Занковец жаттықтыратын қазақстандық команда бірінші минуттан-ақ алға озды. 10 минутқа дейін мұз айдын иелері қақпасына үш шайба тоғытып үлгерді. Ойынның 11 секундында Константин Пушкарев, 7 минутта Найджел Доус, 10 минутта Дастин Бойд шайба соқты.

Екінші кезеңде "Барыс" хоккейшілері "Трактор" қақпасына тағы екі шайба соқты. 22 минутта Брендан Шиннимин ойыншы басымдығын ұтымды пайдаланса, 32 минутта Владимир Меркелов нәтижелі шайбаны еншісіне жазды.

Үшінші кезеңде мұз айдын иелері "Барыс" қақпасына екі шайба соға білді. 43 минутта "Виталий Кравцов", 56 минутта "Юрий Петро"в бір-бір шайбадан соқты.

Плей-оффтағы қос команда арасындағы ойын екі клубтың бірі төрт рет жеңіске жеткенше жалғасады. Екінші ойын ертең тағы да Челябинскіде өтеді. Астана уақытымен сағат 17:30-да басталады. Тікелей эфирде "KazSport" арнасы көрсететін болады.

Ө. Сансызбай