"Челси" "Монако" жартылай қорғаушысына қызығушылық таныта бастады

"Челси" "Монако" жартылай қорғаушысына қызығушылық таныта бастады
Фото: ftbl.ru

Лондонның "Челси" футбол клубы "Монаконың" жартылай қорғаушысы Бернард Силваға қызығушылық таныта бастады. Роман Абрамовичтің командасы футболшы үшін 80 миллион еуро шығындауға дайын екен.

Қос команда арасындағы келісім алдағы жазда жүзеге асуы мүмкін. Француз клубының вице-президенті Вадим Васильевтің айтуынша, қазір команданың көп ойыншыларына өзге командалардан ұсыныстар көптеп түсіп жатыр екен.

- Челсидің Силваға қызығушылық танытып отырғаны жасырын емес. Команданың өзге де белді ойыншыларына Еуропаның танымал клубтарынан ұсыныстар түсуде. Әзір маусымды аяқтап алайық. Содан соң барып келер маусымның жоспарын құратын боламыз, - деді.

22 жастағы Бернард Силва "Монако" сапында 2014 жылдан бері ойнап келеді. Франция чемпионатында 89 ойынға қатысып, 22 гол соққан. 13 нәтижелі пас берген. Оған дейін лиссабондық "Бенфика" командасында ойнаған. 2016 жылдың күзінде Португалия құрамасына шақырту алып, екі ойынға қатысқан.

Айта кетейік, осыған дейін Бернард Силваға каталондық "Барселона" да "құда" түскен еді.

Ө. Сансызбай