"Бавария" "Арсеналды" айқын басымдықпен ұтты (видео)

"Бавария" "Арсеналды" айқын басымдықпен ұтты (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының екінші күнінде мюнхендік "Бавария" өз алаңында Лондонның "Арсенал" командасын 5:1 есебімен ойсырата ұтты. Ал Мадридте "Реал" Неапольдың "Наполи" командасынан 3:1 нәтижесімен басым түсті.

"Бавария" (Германия) – "Арсенал" (Англия) 5:1

Арсен Венгер жаттықтыратын ағылшындық клуб төртінші маусым қатарынан "Баварияға" қарсылас атанды. 2013/2014 және 2014/2015 жылдардағы маусымда 1/8 финалда кездессе, өткен маусымда бір топта ойнады. Биыл кезекті рет 1/8 финалда кездесті. Тағы да ""Арсеналдың асығы алшысынан түспеді. Бірінші ойында-ақ қарсыластарына 5:1 есебімен ұтылды.

"Альянс Арена" стадионында өткен ойында Арьен Роббен есеп ашты. 30 минутта Алексис Санчес пенальти орындай алмағанмен, қайтара бағыттаған соққысы голға айналды. Нәтижесінде командалар бірінші таймды тең есеппен аяқтады.

Карло Анчелотти жаттықтыратын Бавария екінші таймда белсенді. 53 минутта Роберт Левандовский баспен гол соғып, командасын алға шығарды. Одан кейін Тьяго Алькантара екі гол соғып, дубль орындады. 88 минутта "Арсенал" қорғаушыларының қателігін оңтайлы пайдаланған Томас Мюллер есепті 5:1-ге жеткізді.

"Реал" (Испания) – "Наполи" (Италия) 3:1

Мадридте өткен ойында алаң  иелері фаворит болатын. Десе де ойында бірінші болып италиялық команда есеп ашты. Инсиньенің алыстаған бағыттаған добын Кейлор Навас қайтара алмады. Бірінші тайм аяқталғанша корольдік клуб ойыншылары таразы басын теңестіре білді. Гол авторы – Карим Бензема.

Екінші таймда "Реал" ойыншылары екі гол соқты. 49 минутта Тони Кросс, 54 минутта Каземиро нәтижелі соққыларымен көзге түсті.

Командалар арасындағы қарымта ойындар 7 наурыз күні түнде өтеді.

Айта кетейік, кеше ПСЖ "Барселонаны" 4:0 есебімен, "Бенфика" дортмундтық "Боруссиядан" 1:0 нәтижесімен басым түскен болатын.

Келесі аптада "Манчестер Сити" - "Монако",  "Байер" - "Атлетико",  "Порту" - "Ювентус" және  "Севилья" - "Лестер" командалары арасындағы бірінші ойындар өтеді.

Ө. Сансызбай