«Арландар» WSB жобасын жеңіспен бастады

«Арландар» WSB жобасын жеңіспен бастады
Фото: vk.com

Әуесқой бокстан Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жаңа маусымы басталды. Ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» командасы жарысты жеңіспен бастады.

Топтық кезеңдегі бірінші кездесуінде «Astana Arlans» Ресейдің «Patriot Boxing Team» командасымен кездесті. Мәскеуде өткен жекпе-жектерде қазақ боксшылары 3:2 есебімен жеңіске жетті. Шаршы алаңда «С1» дәрежесіндегі боксшылар жұдырықтасты.

Қос команда арасындағы жекпе-жекті 49 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар бастады. Теміртас Жүсіпов Батор Сагалуевпен жұдырықтасты. Бес раундтық жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер ресейлік команданың боксшысын жеңімпаз ретінде таныды.

Екінші жекпе-жекте 56 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар шаршы алаңға көтерілді. Ілияс Сүлейменов Артем Хотеновты төрешілер шешімі бойынша жеңіп шықты.

64 келіге дейінгі салмақта Ділмұрат Мижитов ресейлік команданың боксшысы Радмир Абдурахмановқа ұтылды.

75 келіге дейінгі салмақтағы боксшылардың жекпе-жегінде «Astana Arlans» есепті теңестірді. Әбілхан Аманқұл қарсыласы Раджаб Раджабовты айқын жеңіп шықты.

Қос команда арасындағы шешуші жекпе-жекте Антон Пинчук пен Илья Квасников жұдырықтасты. Тәжірибелі отандасымыз қарсыласынан айласын асырып, командасына жеңіс сыйлады.

Айта кетейік, 2010 жылы алғаш рет тұсауы кесілген жобаға биыл айтарлықтай өзгерістер енді. Жобаға қатысатын командалар 3 топқа бөлінген. Қаржы тапшылығына байланысты Украина, Әзірбайжан, Түркия, Польша, АҚШ пен Пуэрто-Рика елдерінің командалары биылғы додадан тыс қалды.

Жаңа ереже бойынша әр топтың үздік екі командасы плей-офф ойындарына шығады. Сонымен қатар үшінші орын алған командалардың арасында үздік нәтиже көрсеткен екі клуб та плей-оффқа жолдама алатын болады.

«Astana Arlans» биыл топта (азиялық) «China Dragons» (Қытай), «Uzbek Tigers» (Өзбекстан) және «Russian Boxing Team» (Ресей) командаларымен бірге бақ сынайды. 

Ө. Сансызбай