Красноярскіде еркін күрестен «Иван Ярыгин» халықаралық турнирі басталды

Красноярскіде еркін күрестен «Иван Ярыгин» халықаралық турнирі басталды
Фото: ria.ru

Красноярскіде еркін күрестен Гран-При санатына жататын Иван Ярыгинді еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. Бұл жарысқа қазақстандық балуандар да қатысып жатыр.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарыс биыл 28-ші рет байрағын желбіретті. Боз кілемдегі аламанға Ресей, Жапония, АҚШ, Венгрия, Италия, Германия, Иран, Қытай, Болгария, Моңғолия, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Нигерия, Қырғызстан,  Беларусь, Румыния мен Куба елдерінен 380 балуан келген.  

Иван Ярыгинді еске алуға арналған халықаралық турнирдің жүлде қоры 6,4 миллион рубльді (шамамен 35 миллион) құрайды. Жарыста бірінші орын алған спортшы 150 мың рубль (816 000 теңге) көлемінде сыйақы алады. Екінші орын иегеріне 100 мың рубль (544 000 теңге), үшінші орын алған балуанға 50 мың рубль (272 000 теңге) беріледі. Сондай-ақ қосымша сыйлықтар да қарастырылған.

Бүгін әйелдер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша (48, 58, 60 және 69), ерлер арасында екі салмақ дәрежесі бойынша (57 және 74) жеңімпаздар анықталады. Қазақстан құрамасы сапында бұл жарысқа 20 балуан аттанған болатын. Олардың қатарында Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова да бар.

Қазақстандық балуандардан бүгін ерлер арасында Айдарбек Баймұратов, Абыл Уссин (екеуі де - 57 келі), Алмаз Амалбеков, Болат Сақаев, Айдар Балданбаев (үшеуі де – 74 келі) жарыс жолына шығады. Әйелдер арасында Светлана Анкичева, Ирина Борисова (екеуі де – 48 келі), Жұпар Төлеубекова (58 келі) Нәзира Аманжолова, Аяулым Қасымова (екеуі де – 60 келі), Жамила Бақбергенова (69 келі) бақ сынайды.

Красноярскідегі турнирге танымал балуандар қатысып жатыр. Атап айтар болсақ, АҚШ құрамасы сапында Олимпиада чемпионы Кайл Снайдер, Жапониядан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Рей Хигучи, сондай-ақ ресейлік танымал балуандар бар.

Иван Ярыгинді еске алуға арналған халықаралық турнир 29 қаңтарда аяқталады.

Ө. Сансызбай