"Барыс" Шығыс конференцияда бесінші орынға көтерілді

О Сансызбай Корреспондент
"Барыс" Шығыс конференцияда бесінші орынға көтерілді
Фото ©️ Барыс (вконтакте)

"Барыс" хоккей клубы Рижскіде "Динамоны" 2:3 есебімен ұтты. Нәтижесінде құрлықтық хоккей лигасының Шығыс конференциясында бесінші орынға көтерілді.

Ойында бірінші болып елордалық клубтың хоккейшілері есеп ашты. 13 минутта Роман Старченконың бағыттаған шайбасы қақпадан табылды. Екінші таймда мұз айдын иелері есепті теңестірді. Микс Индрашис мергендігімен көзге түсті. Алайда "Динамо" хоккейшілерінің қуанышы көпке созылған жоқ. 35 минутта Найджел Доус "Барысты" қайта алға шығарды.

Үшінші кезеңде де командалар бір-бір шайбадан алмасты. 45 минутта Дастин Бойд нәтижелі шайбаны еншісіне жазса, ойын соңында Лаурис Дарзиньш есепті қысқартты.

БӨЛІСУ

"Барыс" хоккей клубының бас жаттықтырушысы Эдуард Занковец командасы "Динамоның" жеңгеннен кейінгі өз ойын білдірді. Бұл туралы елордалық клубтың ресми сайты хабарлады.

- Бұл ойынға тыңғылықты дайындалдық. Ойын қиын әрі тең дәрежеде өтті. Мүмкін жауапкершілікті аса қатты сезініп ойнағандаймыз. Себебі ойын оңай болған жоқ. Негізінде ойын тағдырын ойыншы басымдығы шешті.

"Барыс" пен "Динамо" арасын 30 ұпай бөліп тұр. Бұл командалардың деңгейінде айырмашылық барын айқындай ма?

- Маусым басында "Динамоның" ойындарын көп назарға алған жоқпыз. Соңғы ойындарында сәтті ойнап жүр. Сондықтан да қос команда ойынында көп айырмашылық жоқ.


Ойын соңынан "Динамо" клубының бас жатықтырушысы Сейейс Нормундс та өз пікірін білдірді.

- Ойынға жақсы дайындалдық. Қарсыластардың ойынын зерттедік. "Барыста" өз мүмкіндігін жібермейтін мықты ойыншылар бар. Ойыншы басымдығында сәтті ойнағанын байқадыңыздар. Екі шайбаны осындай жағдайда соқтырып алдық. Бірінші гол сағымызды сындырғандай. Бізде жақсы мүмкіндіктер болды. Бірақ жүзеге аспады. Біздің ойыншыларға бірде шеберлік жетіспесе, бірде сәттілік серік болмады, - деді. 

"Барыс" соңғы төрт ойында жеңіске жетіп келеді. 81 ұпаймен Шығыс конференция турнирлік кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Елордалық клуб келесі ойынын 28 қаңтар күні Минскінің "Динамо" клубына қарсы өткізеді. Беларусь еліндегі ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде "KazSport" арнасы көрсететін болады.

Құрлықтық хоккей лигасының топтық кезеңі 19 ақпан күні аяқталады. "Барыстың" алда 7 ойыны бар. Оның 6-н Астанада өткізеді.