Универсиада-2017: спортшылар мәзірінде – ұлттық тағам

Универсиада-2017: спортшылар мәзірінде – ұлттық тағам
Фото: www.good.kz

Атлеттер ауылының асханасында ұлттық, азиялық, еуропалық, вегетериандық және халал секілді бес  тағам түрі ұсынылмақ.

«Бүкіл әлем тағамдарына көңіл бөлінбек. Мәзірдің ішінде пицца, стейк, паста, спринг-ролл, «Том Ям» атты тай сорпасы және т.б. тағам түрлері бар. Әрине, біз өзіміздің ұлттық тағамдарымызды ұмыт қалдырмадық: спортшыларға арналған асханаларда қазақтың ас-шайы қойылған «шай дастарханы» жайылады. Сондай-ақ, қонақтар мен қатысушылар бесбармақ, қуырдақ, нарын секілді қазақтың дәстүрлі тағамдарынан да дәм татып көре алады», – деп атап өтті Royal Catering компаниясының бас директоры Индира Ахметова.

FISU талаптарына сәйкес атлеттердің күндізгі калория нормасы (4000-4500) анықталып, ол Қысқы ойындар аясында спортшыларға арнап мәзірді дайындау кезінде ескерілетін болады.

Спортшылардың тәулік ішіндегі тамақтану нормасында ет, сүт өнімдері мен нан бұйымдары секілді маңызды өнімдер қамтылған. Сондай-ақ, дұрыс зат айналымын қамтамасыз ету үшін атлеттерге пайдалы сусындардың барлық түрлері ұсынылады.

Сондай-ақ, Универсиада кезінде спортшылар мен ресми делегация мүшелері, FISU техникалық мамандары, халықаралық техникалық мамандар (ITOs), ұлттық техникалық мамандар (NTOs), еріктілер, БАҚ өкілдері, медициналық қызметкерлер, Ұйымдастыру комитеті, FISU Family өкілдері және т.б. тұлғалар тамақпен қамтамасыз етіледі.

aikyn.kz

М. Ақан