Фируза Шарипова көктемде чемпиондық атаққа таласады

Фируза Шарипова көктемде чемпиондық атаққа таласады
Фото: Today.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шәріпова биыл көктемде бокстан әлем чемпионы атағына таласады, - деп «AllFight.ru» сайтына сілтеме жасап «vesti.kz» сайтының қазақ бөлімі хабарлады.

Фирузаның айтуынша жекпе-жекке дайындық Мәскеуде өтеді. Алайда кездесудің қай күні болатынын және қарсыласының кім екенін әзірге белгісіз.

- 21 қаңтарда Мәскеуге барып, әлем чемпионы атағын жеңіп алу үшін дайындықты бастаймын. Жекпе-жек 2017 жылдың көктеміне жоспарланған. Қазақстан атынан алғаш рет әлем чемпионы атану туралы арманыма жетуіме аз-ақ қалды. Шаршы алаңда қандай қарсылас болса да мен өзімнің күшіме сенемін және жеңуге дайынмын. Осы уақытқа дейін Таразда жаттығып жүрдім. Сондықтан мен қазір мансабымдағы маңызды жекпе-жекке дейін де аралық бір кездесу өткізуге дайынмын, - деді Фируза Шәріпова.

Айта кетейік, Фируза Шәріпова кәсіпқой бокста үш кездесу өткізді. Соңғы жекпе-жегі 24 қыркүйекте Алматыда өткен болатын. Онда ол серб боксшысы Милена Матовичті техникалық нокаутпен жеңді. Сондай-ақ қазақстандық боксшының менеджері Сергей Завилейский Фирузаның мақсаты әлем чемпионы атану екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Ө. Сансызбай