Қазақстан жастар құрамасы «Гранаткин мемориалы» турнирінің финалына шықты

Қазақстан жастар құрамасы «Гранаткин мемориалы» турнирінің финалына шықты
Фото: kff.kz

Футболдан 19 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы Санкт-Петербургте өтіп жатқан «Гранаткин мемориалы» турнирінің финалына шықты. Осыған дейін елімізден барған жас футболшылар финал түгіл, жартылай финалға да жетпеген еді.

Александр Кузнецов жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы жартылай финалда Грекиядан келген замандастарын ұтты. Ойында 2:1 есебі тіркелді. 18 минутта Айдос Орал пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды. 42 минутта Жанәлі Пайруз ойындағы екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Нәтижесінде Қазақстан жастары бірінші таймды 10 ойыншымен аяқтады.

Қазақстан жастар құрамасы бүгін шабуылда ширақ ойнады. 10 ойыншымен қалса да қорғанысқа көп көңіл бөлген жоқ. Шабуылға шығудың жолын іздеумен болды. Нәтижесінде 49 минутта Айдос Орал ойындағы екінші голын соғып, дубль жасады. Грекия жастары да аянып қалған жоқ. 58 минутта Гиоргос Цоврас есепті қысқартты. Одан кейінгі аралықта жастарымыз ойындағы басымдықтарын сақтап қала білді.

«Гранаткин мемориалы» турнирінің финалдық кездесуі 21 қаңтар күні өтеді. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Қазақстан жастар құрамасы «Гранаткин мемориалы» турнирінде алғаш рет финалға шығып отыр. Осыған дейінгі нәтижелеріне көз жүгіртер болсақ, 2012 және 2014 жылы соңғы орын алса, 2015 жылы 10-орынға тұрақтаған.

Қазақстан жастарының финалдағы қарсыласы бүгін өтетін Ресей мен Санкт-Петербург жастары кездесуінен кейін белгілі болады.

Ө. Сансызбай