Футзалдан Қазақстан құрамасын Алесио жаттықтыратын болды

Футзалдан Қазақстан құрамасын Алесио жаттықтыратын болды
Фото: afckairat.kz

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасын бразилиялық маман Алесио жаттықтыратын болды. Бұл туралы ҚР футзал қауымдастығының ресми сайты хабарлады.

Алесио мен команда арасындағы келісімшарт мерзімі мен оның шарттары жарияланған жоқ. Жаттықтырушы осыған дейін команданы жаттықтырып келген Какаудың көмекшісі болған. Ал Какау болса «Қайраттағы» қызметіне біржола ауысты.

Жозе Алесио Да Силва Бразилияның Ресифи қаласында дүниеге келген. 48 жастағы жаттықтырушы тәжірибелі мамандардың бірі. 2014-2015 жылдары Какаудың көмекшісі болса, оған дейін Әзірбайжан құрамасы мен «Араз» командаларында да жаттықтырушылық қызметте болған.

Қазақстан ұлттық құрамасы Алесионың жаттықтыруымен алғашқы ойынын 2018 жылғы іріктеу кезеңі аясында Алматыда өткізеді. 4-12 сәуір аралығында өтетін електік кезеңде отандастарымыз Чехия, Македония және алдын ала іріктеу бойынша «Е» тобында (Норвегия, Дания, Кипр және Косово) бірінші орын алған командамен кездеседі.

Айта кетейік, Какау жаттықтырған тұста Қазақстан құрамасы халықаралық додаларда сәтті өнер көрсетті. Әсіресе, өткен жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында қазақстандық футзалшылары қола жүлдегер атанды. Колумбиядағы әлем чемпионатына қатысып, топта екінші орын алған-ды.

Ө. Сансызбай