Жүкембаев пен Хұсайнов 28 қаңтарда шаршы алаңға шығады

Жүкембаев пен Хұсайнов 28 қаңтарда шаршы алаңға шығады
Фото: vesti.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшылары Батыр Жүкембаев пен Абылайхан Хұсайнов кезекті жекпе-жектерін 28 қаңтар күні өткізеді. Шаршы алаңдағы кездесулер Канаданың Монреаль қаласында өтеді.

Жартылай орта салмақта бақ сынайтын Батыр Жүкембаев мексикалық Давид Рангелмен жұдырықтасады. Қарсыласы осыған дейін 12 жекпе-жек өткізіп, 8-де жеңіске жеткен. 8-де уақытынан бұрын аяқтаған. Ал 4 жекпе-жегінде жеңілген. Сондай-ақ Давид Рангел жасөспірімдер арасында «WBC» және «WBC Fecombox» атақтарына таласқан боксшылардың бірі.

25 жастағы қазақстандық боксшы 2016 жылы Канада жерінде жеті жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жетті. Оның алтауын уақытынан бұрын аяқтады. Сондай-ақ бір жекпе-жегі қарсыласының жарақат алып қалуына байланысты есепке алынбады.

28 қаңтар күні Абылайхан Хұсайнов та шаршы алаңға шығады. Отандасымыз жартылай орта салмақта екінші бір мексикалық боксшы Оскар Мехиямен қолғап түйістіреді. Қарсыласы осыған дейін кәсіпқой бокста 8 жекпе-жек өткізген. 7-де қарсыласынан басым түсіп, 1-де ғана жеңілген. 3 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған.

Қазақстандық боксшылар шаршы алаңға шығатын бокс кешінің басты жекпе-жегінде канадалық боксшылар Стивен Батлер (18-0-1, 15 КО) мен Брендон Кук (17-0, 10 КО) кездеседі. Олар «IBF» және «WBA» тұжырымдары бойынша Солтүстік Америка құрлығындағы чемпиондық атақты сарапқа салатын болады. Қос боксшы да спорттық мансаптарында жеңіліп көрмеген.

Айта кетейік, Батыр Жүкембаев пен Абылайхан Хұсайнов Канадада «Eye of the Tiger Management» компаниясымен келісім негізінде жұмыс жасап келеді. Қазақстандықтардың менеджері – Анна Рева. 

Ө. Сансызбай