Қазақстандық ауыр атлет әлем үздігі атануға үмітті

Қазақстандық ауыр атлет әлем үздігі атануға үмітті
Фото: olympic.org, rsport.ru

Қазақстандық спортшы, Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов 2016 жылдың ең үздік ауыр атлеті атануға үміттілер қатарына кірді. Бұл туралы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) ресми сайтына сілтеме жасап vesti.kz хабарлады.

Өткен жылдың ең үздік ауыр атлеті атағына 7 спортшы үмітті. Олардың барлығы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған.

Оскар Фигероа

Колумбиялық ауыр атлет Риодағы Олимпиада ойындарына төртінші рет қатысты. Афиныда 5-орын алса, Бейжіңде өткен додада жарақат алып қалған еді. Ал Лондонда күміс алса, Бразилия жерінде бағы жанып, асқан табандылықпен алтын медальға қол жеткізді.

Лун Цинцюань

Қытайлық ауыр атлет Риода 56 келіге дейінгі салмақта 16 жыл бойы жаңармай келген рекордқа түзету енгізді. Ол қоссайыста 307 келі көтерді. 

Киануш Ростами

Ирандық ауыр атлет Киануш Ростами Риода өзінің еншісіндегі әлем рекордын жаңартты.  85 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын спортшы қоссайыста 396 келіні көтеріп, Олимпиада чемпионы атанды. 

Киануш Ростами – танымал ирандық ауыр атлеттердің бірі. 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысып, қоссайыста 391 (178+213) келімен жеңіс тұғырынан көрінген. Ал оған дейін Париждегі (2011 жыл) әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері.

Руслан Нуритдинов

Риодағы алтыны – өзбекстандық ауыр атлеттің спорттық мансабындағы ең ірі жетістігі. 105 келіге дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы атанды.

Лаша Талахадзе

105 келіден жоғары салмақта жарысқа қатысатын грузиялық ауыр атлет 2015-2016 жылдары ірі жетістіктерді бағындырды. 2013 жылы допинг дауына ілігіп, 2 жылға спорттан шеттетілген Лаша кейінгі жарыстарын тың серпінмен бастады. 2015 жылы Хьюстонда әлем чемпионы атанса, 2016 жылы Олимпиада және Еуропа чемпионы атанды.

Ниджат Рахимов

Риода Қазақстан құрамасының қоржынына алғаш болып алтын медаль салған Ниджат Рахимов чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты. 77 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған спортшы серпе көтеруде 214 келіні басынан асырды. Бұл рекордтық көрсеткіш болатын.

Әйелдер арасында 2016 жылдың үздік ауыр атлеті атағына Дэн Вэй (Қытай), Сюй Шуцзин (Тайпей), Лим Джон Сим (КХДР), Сукания Срисурат (Тайланд), Сопита Танасан (Тайланд) және Сянь Яньмей (Қытай) үмітті. 

Жылдың үздік ауыр атлеті «IWF» ресми сайтында дауыс беру арқылы анықталады. Дауыс беру 31 қаңтарға дейін жалғасады. Отандасымызға дауыс беріп, қолдау білдірейік жанкүйерлер.

Айта кетейік, Ниджат Рахимов 1993 жылы 13 тамызда Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде дүниеге келген. 2014 жылдың тамыз айында ол Ұлттық құраманың атынан өнер көрсетуге келісіп, Қазақстан азаматтығын алды. Екі жылдық дисквалификация аяқталған соң (допинг нәтижелері Әзірбайжан құрамасында жүрген кезіндегі (наурыз айы) көрсеткіштермен тіркелген), Ниджат Рахимов Қытайда өткен Гран-при жарысында алғаш рет Қазақстан құрамасы атынан өнер көрсетіп, 85 келіге дейінгі салмақ санатында  4-ші орынды иеленді.

2015 жылы қарашада Хьюстондағы әлем чемпионатында ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы сапында чемпион атанды. АҚШ жерінде Ниджат Рахимов қоссайыс қорытындысы бойынша үздік шықты.

Ө. Сансызбай