Геннадий Головкин америкалық радиоға сұхбат берді

Геннадий Головкин америкалық радиоға сұхбат берді
Фото: Baq.kz

Қазақстандық Геннадий Головкин америкалық Power радиостанциясының The Breakfast Club бағдарламасына берген сұхбатында өз өмірі мен жеңілістері жайлы айтып берді. 

Боксшы келесі жекпе-жегінің неліктен Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтетінін, боксқа келу себебі және досы Ронда Роузидің жеңілістеріне қандай көзқараста екенін айтты. Дэниэл Джейкобспен алдағы жекпе-жегі жайлы айта келе, боксшы Нью-Йоркті "бокс Меккесі" деп атады. "Барлығы Нью-Йоркті құрметтейді. Бұл – бокстың Меккесі. Бұл коммерциялық емес, тарихи жекпе-жек болады", - деді Головкин. "Жоспарым бар, жалғыз емес. Джейкобс қалай жұдырықтасу керек екенін біледі. Мен әрдайым дайынмын, бірақ менің нақты жоспарым жоқ, себебі ол бұл туралы біледі. Тамаша жекпе-жек болады", - деп мәлімдеді GGG.

Головкин боксқа қалай келгені жайлы да баяндады. "Ертеректе болатын. Бұған отбасым себеп болды деп ойлаймын. Бокстың кез келген түрі ұнайды: баскетбол, бейсбол. Ағаларым боксқа баруым керек екенін, өз қабілетімді тексеріп көруім керек екенін айтты", - деді боксшы. Осы кезде жүргізуші "Үлкендердің "бар да, ұрып таста" деп айтқанын көп естігенмін", - деді. "Бұл менің тарихымның бір бөлігі. Қазір бәрі де басқаша", - деп жауап берді оған Головкин. Сондай-ақ қазақстандыққа жас кезінде қанша рет жеңілгені жайлы сұрақ қойылды. "Көп емес, төрт немесе бес рет, бірақ көшеде ешқашан жеңіліп көрмегенмін", - деп мәлімдеді ол.

Ал Роузидің Аманда Нуньестен 48 секунд ішінде жеңіліс тапқаны жайлы пікір білдірген ол бұл оқиғаны "ессіздік" деп атады. "Көрдім. Бұл – ессіздік. Ол әлі чемпиондық титулдарға дайын емес деп айтар едім. Оған уақыт керек. UFC-ге Роузи сияқты адамның керек екенін 100 пайыз сеніммен айта аламын. Мен оны жақсы білемін, ол менің досым. Бұл басқа спорт түрі, онда бәрі қызық. Бокс - классика, ал UFC - хай-тек іспеттес. Ессіздіктер болып жататын шығар, бірақ сырттан қарағанда керемет көрінеді", - деді Головкин.

Сұхбатының соңында Головкин АҚШ-та қалай тұрып жатқаны жайлы баяндады. "Уақытым көп емес. Лос-Анджелесте отбасыммен бірге тұрып жатырмын. Әйеліммен комедиялық шоулар мен фильмдерді көргенді ұнатамын. Мен қарапайым жігітпін. Жағалауға барғанды, баламды мектепке апарғанды ұнатамын", - деді ол. 

kaz.tengrinews.kz

М. Оңғарова