Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысты

Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысты
Фото: vesti.kz

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысты. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлады.

ВКонтакте желісіндегі "Профи Бокс Казахстана" парақшасының таратқан мәліметі бойынша, Данияр Елеусінов жуырда ғана құрылған "MJA Entertainment's" промоутерлік компаниясымен келісімге келген. Енді ол алдағы уақытта өз бағын кәсіпқой бокста сынап көрмек. Бірақ, боксшының бірінші жекпе-жегі қашан және кімге қарсы өтетіні белгісіз.

Әрине, бұл мәлімет көпшілікті таңқалдырғаны сөзсіз. Кәсіпқой боксқа ауысқан Данияр дұрыс жолды таңдады ма? Қазақ боксының тарихын парақтайтын болсақ, Олимпиада ойындарын жеңіп, кәсіпқой боксқа ауысып, айтулы табысқа қол жеткізген бір ғана боксшы бар екенін көреміз. Ол – Василий Жиров. 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарынан кейін Жиров кәсіпқой бокстың қолғабын киген еді. Бірақ, кәсіпқой бокстағы Жировтың жетістігі аз болды деп айта алмаймыз. Ауыр салмақта «IBF» тұжырымы бойынша әлем чемпионы және «WBC» тұжырымы бойынша Америка құрлығының чемпионы деген атаққа ие болды.

Данияр да тура Василий секілді 25 жасында кәсіпқой боксқа ауысып отыр. Сөзсіз, Елеусінов әуесқой бокста әлемдегі ең талантты боксшылардың бірі. Бірақ, Даниярға кәсіпқой боксқа өту ерте емес пе? Дейтұрғанмен де, Елеусінов әуесқой бокстағы барлық турнирлерде топ жарды. Тарқатып айтсақ, 2013 жылы Аманда, 2015 жылы Бангкокта өткен Азия чемпионатында үздік атанды. 2010 жылы Гуанджоуда, 2014 жылы Инчхонда болған Азия ойындарында алтын алды. 2013 жылы Алматы өткен әлем чемпионатында тұғырдың биігінен көрінсе, 2015 жылы Дохада өткен әлемдің додада күміс иеленді. Ал, оның басты жетістігі 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарының алтыны еді. Сонымен қатар ол екі жыл қатарынан (2014,2015) әуесқой бокстағы әлемнің үздік былғары қолғап шебері атанды.

25 жасына дейін Данияр әуесқой бокста барлық табыстарға қол жеткізді. Мүмкін боксшымыз енді бұл нәтижелерді кәсіпқой бокста көрсеткісі келетін шығар. Біз тек Даниярға ақ жол тілеп, Головкиннің көрсеткішінен асып түскен сәтін асыға күтетін боламыз.

Данияр Елеусінов "MJA Entertainment's" промоутерлік компаниясымен келіссөздер жүргізгенмен, ресми келісімшартқа ақпан айында қол қоятын болады. 66 келіге дейінгі салмақта бақ сынамақ. 

Ө. Сансызбай