Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобс көз арбасты

Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобс көз арбасты
Фото: vesti.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 18 наурыз күні америкалық Дэниэл Джейкобспен жұдырықтасады. Боксшылар бүгін Нью-Йорктағы «Madison Square Garden» аренасында алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, көз арбасты.

Баспасөз мәслихаты барысында боксшылар тілшілердің сұрақтарына жауап берді. GGG алдағы жекпе-жекке болжам жасамайтынын айтса, жаттықтырушылары нокаутпен жеңетінін мәлімдеді.

Америкалық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабын 2007 жылы бастаған. Одан бергі аралықта 32 жекпе-жек өткізген. Оның 31-де қарсыластарынан басым түскен. 29 кездесуінде қарсыластарын уақытынан бұрын ұтып шыққан. Тек 1 жекпе-жегінде ғана жеңілген. 2010 жылы орта салмақта «WBO» уақытша белбеуіне таласта ресейлік Дмитрий Пирогтан жеңілген.

Дэнил Джейкобс орта салмақта «WBA» нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуге ие. Ол бұл белбеуді 2014 жылы аустралиялық Джаррорд Флетчерге қарсы жекпе-жегінде жеңіп алған болатын. Генаға қарсы кездесуде өз атағын бесінші рет қорғайтын болады.

Айта кетейік, Геннадий Головкин осыған дейін 36 жекпе-жек өткізді. Барлығында жеңіске жетті. 33 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. 

18 наурыздағы жекпе-жекті «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.

Ө. Сансызбай