Футболдан ел Суперкубогының ойыны Алматыда өтеді

Футболдан ел Суперкубогының ойыны Алматыда өтеді
Фото: vesti.kz

Футболдан 2017 жылғы ел премьер-лигасының алғашқы ойыны саналатын Суперкубок тартысы Алматы қаласында өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының отырысында мәлім болды.

Отырыс барысында келер маусымдағы премьер-лига ойындарының басты мәселелері талқыланды. Бақ сынайтын командалар саны 12-де қалатын болды. Тек соңғы жылдардағыдай екі айналымнан кейін бұл командалар қос алтылыққа жіктелмейді. 2017 жылы ел біріншілігі үш айналымдық жүйемен өткізіледі. Алғашқы екі айналымда барлық командалар үйде және түзде жүйесімен ойнайды. Ал үшінші айналымдағы матчтар Бергер кестесі бойынша құрастырылады.

Алдағы маусымның трансфер кезеңі 11 қаңтар мен 3 сәуір аралығына белгіленді. 

Ө. Сансызбай