Журналистер арасындағы «БАҚ лига» біріншілігі басталды

Журналистер арасындағы «БАҚ лига» біріншілігі басталды
Фото: massaget.kz

Бүгін Алматы қаласында журналистер арасындағы «BAQ liga» біріншілігі басталды. Ал Астана қаласындағы алғашқы ойындар ертең өтетін болады.

Астана футбол федерациясының мұрындық болуымен басталған жарыс журналистер арасындағы нағыз бәсеке болмақ. Астана қаласындағы «BAQ liga» додасына 11 командасы қатысса, Алматыда 9 команда жарыс жолына шығады.

«BAQ liga» жарысын Алматы қаласында белгілі журналистер Рауан Оқас, Мадияр Арыстанбаев, Серік Ноянбайұлы және Олжас Оқас ұйымдастырып отыр. Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. 

- «BAQ liga» жарысы - барлық журналистердің көптен күткен, тартысты ойындарға толы болатын додасы болады деп сенемін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған журналистердің тұңғыш кәсіби футбол бәсекесі болмақ. Әрине, журналистер кәсіби футболшылар емес. Жарысқа телеарна, газет-журнал, сайт, т.б. бұқаралық ақпарат құралдарының таза кәсіби тілшілері қатысады. Сондықтан бұл біздің әуесқой журналистердің арасындағы тұңғыш кәсіби жарысы деп мақтанышпен айта аламын. Екі айға жуық созылатын жарыста шын мықты команда жеңімпаз атансын. Жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеймін, - деді.

Бүгін ресми түрде ашылу салтанаты өтіп, «Жетісу» мен «Қазақстан» ұлттық арналары жарыс шымылдығын түрді. Ойында Талдықорғаннан келген команда ұлттық арна журналистерін 5:3 есебімен ұтып, алғашқы 3 ұпайына ие болды.

Жарыс ертең "Қаламгер" - "Effective Mediа", "Алматы - СДУ", "Нұрлы гол" - "Болашақ" командалары арасындағы ойындармен жалғасады.

«BAQ liga» жарысының ойындары спорт және туризм академиясының алаңында өтуде. Жарыс 12 ақпанға дейін созылады.

Алматы қаласы бойынша «BAQ liga»-ның жеңімпазына арнайы әзірленген кубок табысталады. Аталған кубок ауыспалы болмақ. Яғни, келесі жылы қайта сарапқа салынатын болады. Сондай-ақ үздік үштікке кірген командаларға медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Одан өзге әр турдың үздік ойыншылары анықталып, арнайы сыймен марапатталып тұратын болады.

Ө. Сансызбай