Нұрбақыт Теңізбаев Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесін алуы мүмкін

Нұрбақыт Теңізбаев Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесін алуы мүмкін
Фото: khabar.kz

Қазақ балуаны Нұрбақыт Теңізбаев 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарының күміс медалін алуы мүмкін. Отандасымызды жартылай финалда жеңген әзірбайжан балуаны Виталий Рагимовтың допинг қолданғаны жайлы деректер пайда болды.

Грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз қола медальды қанағат тұтқан еді. Виталий Рагимовтың допинг қолданғаны ресми түрде расталса, Нұрбақыт күміс жүлдегер атанатын болады. Бүгін осыған байланысты балуан бауырымыз әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында өз ойымен бөлісті.

- Құрметті достар! Бейжің Олимпиадасы мен үшін спорттық карьерамның шыңы болды. Әрбір спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын, оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні, мені Әзербайжан балуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын, Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалым аса қымбат. Күміс Виталийге және оның жанұясына тиесілі. Ол медальдың артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын», - деп жазылған жеке парақшасында.

Ө. Сансызбай