Қанат Исламның келесі қарсыласы канадалық боксшы болуы мүмкін

Қанат Исламның келесі қарсыласы канадалық боксшы болуы мүмкін
Фото: massaget.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның келесі қарсыласы канадалық боксшы Брэндон Кук болуы мүмкін. Бұл туралы боксшының менеджері Нұрғазы Исмағамбетовпен сұхбаттасқан vesti.kz сайты жазды.

Қанат Исламның келесі қарсыласы «WBO» жүйесі бойынша таңдалады. Отандасымыз 19 қазан күні ганалық Патрик Аллотеймен өткізген жекпе-жегінде жеңіске жетіп, бірінші орта салмақта «WBO Interсontinental» белбеуін иеленген еді. Нәтижесінде ұйымның осы айда жаңаратын рейтингінде үздік ондыққа енуі тиіс.

Боксшының менеджері Нұрғазы Исмағамбетовтің айтуы бойынша, қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегін 2017 жылдың қаңтар айында АҚШ-та өткізуі мүмкін деп күтілуде. Ал қарсыласы – канадалық боксшы Брэндон Кук болуы мүмкін. Қазіргі таңда осы боксшымен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

Үйеңкі жапырақты елдің боксшысы осыған дейін кәсіпқой рингке 17 рет көтерілген. Барлығында жеңіске жеткен. Сондай-ақ, барлық жекпе-жегін өз елінде өткізген. «Boxrec» дереккөзі бойынша, оның иелігінде «WBA Intercontinental» чемпиондық белбеуі бар. Одан өзге бірінші орта салмақта «WBA-NABA» чемпиондық белбеуіне де ие.

Қанат Исламның канадалық боксшымен жұдырықтасуы ресми түрде расталған жоқ. Десе де отандасымыз Брэндон Кукпен жұдырықтасуы бек мүмкін.

Ө. Сансызбай