«Еуразия барысы» 1 желтоқсанда өтеді

О Сансызбай Корреспондент
«Еуразия барысы» 1 желтоқсанда өтеді
Фото ©️ massaget.kz

Қазақ күресінен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Еуразия барысы» халықаралық турнирі 1 желтоқсан күні өтеді. Биыл бұл дода төртінші рет ұйымдастырылады.

БӨЛІСУ

2016 жылғы «Еуразия барысы» Алматы қаласындағы «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді. Халықаралық жарысқа Грузия, Моңғолия, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Әзірбайжан және Қазақстан құрамалары қатысады.

Айта кетейік, «Еуразия барысы» додасы командалық жүйеде өтеді. 2013 жылғы «Еуразия барысында» қазақ балуандары финалда моңғолдарды жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінген болатын. 2014 жылы қазақтың қайталанбас тұлғасы Балуан Шолақтың (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) 150 жылдық мерейтойына арналып өткізілген додада моңғол балуандары финалда Қазақстан құрамасын жеңіп, бір жыл бұрын кеткен есесін қайтарған-ды. Ал 2015 жылғы дода Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып өткізілді. Финалда қазақ-өзбек балуандары жолығып, отандастарымыз 5:2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Биылғы турнир Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына арналады. Сайысқа 8 елден, 130 қатысушы келеді деп жоспарланған.