Қанат Ислам Алматыда Патрик Аллотейден айласын асырды

О Сансызбай Корреспондент
Қанат Ислам Алматыда Патрик Аллотейден айласын асырды
Фото ©️ massaget.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қазақ жанкүйерлерін тағы бір қуантты. Алматыда өткен бокс кешінде отандасымыз ганалық қарсыласы Патрик Аллотейді 12 раунд қорытындысы бойынша жеңіп шықты.

БӨЛІСУ

"Алматы Аренадағы" басты жекпе-жекте Қанат Ислам мен Патрик Аллотей бірінші орта салмақта (69,9 келі) жұдырықтасты. Салмақ өлшеу рәсімінде қос боксшы да 68 келі тартқан-ды. 

12 раундқа жоспарланған жекпе-жекті қос боксшы аса сақтықпен бастады. Бірінші раундты екеуі бір-бірінің осал тұсын аңдаумен өткізді. Шабуылға асықпады. Екінші раундтан бастап Қанат шабуылға ұмтыла түсті. Патрик Аллотей қорғаныста жүріп қарап қалған жоқ, оңтайлы тұста соққы жасап қалуға тырысты. Төртінші раундта қос боксшы да ширақ қимылдады. Әсіресе Қанаттың шабуылдағы айла-тәсілдері мен соққылары сәтті шықты. Ал бесінші раундта да отандасымыз дөп тиген соққыларымен ерекшеленді. Алтыншы және жетінші раундты қарсыластар соққы алмасумен өткізді. Сегізінші раундта қос боксшының да шаршағаны байқала бастады. Ал тоғызыншы раунд басында Қанаттың сілтеген соққысы дөп тиіп, ганалықты бір есеңгіретті. Десе де Патрик Аллотей төзімділік танытып, бұл раундқа да тойтарыс берді. Одан кейінгі раундтарда да Қанат қарсыласын қуа жүріп соққының астына алумен болды. Патрик 12 раундқа шыдап бақты. Нәтижесінде Қанат Ислам 117-112, 116- 112, 116-112 есебімен жеңіске жетті.   

"Улы жебе" деген лақап атқа ие ганалық боксшыны жеңген Қанат "Қазақ" Ислам бірінші орта салмақта "WBA Fedelatin" және "WBO Intercontinental" чемпиондық белбеулерін өзінде сақтап қалды. 

Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.

Айта кетейік, Алматыда өткен бокс жекпе-жектерінде қазақстандық боксшылардың барлығы жеңіске жетті. Жұман Жұмабеков беларусь боксшысы Владимир Ивановты бірінші раундта ұтса, Айдар Шәрібаев испандық боксшыны 6 раунд қорытындысы бойынша жеңіп шықты. Али Ахмедов әзірбайжандық Али Маммедовтан бірінші раундта айласын асырса, Руслан Мырсатаев ганалық Наху Азумиды жылдам жер жастандырды. Жанқош Тұраров салмақ өлшеу рәсімінде сес көрсеткен қарсыласы Айсак Ариені төртінші раундта айқын жеңіп шықты. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастап, 2010 жылы Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта нокаутпен жеңді.