Қанат Ислам мен Патрик Аллотей салмақ өлшеу рәсімінен өтті

Қанат Ислам мен Патрик Аллотей салмақ өлшеу рәсімінен өтті
Фото: massaget.kz

Алматыдағы "Мега" ойын-сауық орталығында қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам мен ганалық Патрик Аллотей жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен өтті. 

Қос боксшының салмағы да 68 келіні көрсетті. Салмақ өлшеу барысында "қара құрлықтан" келген қарсыласы оғаш мінез танытқанмен, Қанат сабырлы қалпын сақтады. Сондай-ақ өзге 6 жекпе-жек жұбы да салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Айта кетейік, бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.

Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.

29 қазандағы жекпе-жектер Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетеді.

Ө. Сансызбай