«Шахтер» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды

«Шахтер» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды
Фото: vesti.kz

Қарағандының «Шахтер» футбол клубы премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. «Кеншілер» Талдықорғанның «Жетісу» клубына қарсы маңызды ойында қарсыластарын 4:1 есебімен ұтты.

«Шахтер» сапынан Мақсат Байжанов дубль авторы атанса, Юлуис Сзоке мен Петрус Уббинк бір-бір голдан соқты. «Жетісудің» жалғыз голын 90 минутта Максим Азовский соқты. Жеңіліс тапқан талдықорғандық команда 31 ұпаймен көш соңында қалды. Соңғы мүмкіндігі саналатын соңғы ойынын 29 қазан күні өз алаңында Оралдың «Ақжайық» клубына қарсы өткізеді.

ХХХІ турда «Ақжайық» өз алаңында «Атырауды» 3:1 есебімен ұтты. Нәтижесінде «Жетісудан» 1 ұпайға озып, «Таразбен» теңесті. Ал «Тараз» бұл турда Қостанайдың «Тобыл» клубынан басым түсті. Таразда өткен ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Соңғы турда тараздық клуб өз алаңында «Шахтермен» ойнайды.

Айта кетейік, ел біріншілігінің алғашқы алтылығындағы ойындар ертең өтеді. Қола медальға қол созған «Ордабасы» «Оқжетпеспен», ел чемпионы атағына басты үміткер «Астана» өз алаңында «Ақтөбемен», «Қайрат» Павлодарда «Ертіспен» ойнайды.

Ө. Сансызбай