«Астана» Пирейде «Олимпиакостан» ұтылды (видео)

«Астана» Пирейде «Олимпиакостан» ұтылды (видео)
Фото: vesti.kz

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі үшінші ойында елордалық «Астана» сырт алаңда «Олимпиакостан» 4:1 есебімен ұтылды.

Қазақстандық клуб бірінші таймда қақпаларына үш гол өткізіп алды. Алғашқы минуттарда «Астана» ойыншылары алаң иелерінің шабуылдарына тосқауыл қоя білгенмен, 25 минутта команда қорғанысы сыр берді. Фортунис ширақ қимылдап, командаласы Фортуништің гол соғуына мүмкіндік жасады. Фортуниш Ненад Эричтен айласын асырып, есепті ашты.

33 минутта «Астана» қақпасында екінші рет доп тулады. Бұл жолы Эльюнусси қорғаушыларды қапы қалдырып, «Олимпиакостың» екінші голын соқты. Ал араға бар болғаны 1 минут сала Себа қазақстандық клубтың қақпашысымен бетпе-бет шығып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Станимир Стойлов шәкірттерінің 38 минутта есепті қысқартуына мүмкіндік болған. Бірақ, Марин Аничичтің тепкен добы қақпа бағанынан кері серпілді.

Екінші таймды «Астана» ойыншылары ширақ бастады. Грекиялық клуб ойыншыларын қыспаққа ала түсті. 54 минутта «Олимпиакос» қақпашысы қателікке бой алдырып, Джуниор Кабананга есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық клуб араға 4 минут сала алаңда 10 ойыншымен қалды. Жартылай қорғаушы Рохер Каньяс екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.

65 минутта Себа ойындағы екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Араға 5 минут сала «Астана» ойыншыларының кезекті рет гол соғуына мүмкіндік болған. Бірақ бұл жолы Джуниор Кабананга Серікжан Мұжықовтың пасын оңтайлы пайдалана алмады. Одан кейінгі аралықта бұл нәтижеге өзгеріс енген жоқ.

Топтағы екінші ойында «Янг Бойз» өз алаңында Кипрдың «АПОЭЛ» клубын 3:1 есебімен ұтты. Ал 6 ұпайы бар «Олимпиакос» бірінші орынға көтерілді. «Астана» 1 ұпаймен соңғы орында тұр. Келесі ойынын 3 қараша күні Астанада «Олимпиакосқа» қарсы өткізеді.

Ө. Сансызбай