Қазақстан ФИФА рейтингінде жеті орынға төмендеді

Қазақстан ФИФА рейтингінде жеті орынға төмендеді
Фото: Mail.KZ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) жаңарған рейтингінде жеті сатыға төмендеп, 90-орынға тұрақтады. Осыған дейінгі рейтингте ең үздік нәтижесіне қол жеткізген болатын.

Жаңарған ФИФА рейтингінің алғашқы ондығында өзгерістер орын алған. Аргентина құрамасы көш басында болса, екінші орынға Германия құрамасы көтерілді. Сондай-ақ, Бразилия алғашқы үштікке енді. Есесіне Бельгия құрамасы екі саты төмендесе, Колумбия бір орынға төмен сырғыды. Франция Португалияны басып озып жетінші орынға көтерілді. Испания ондыққа еніп, Уэльс құрамасы 11-орынға төмендеді.

Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Кипр ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 52 саты төмендеп, 139-шы орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Монтонегро құрамасы еншіледі. Олар 46 саты жоғарылап, 56-орынға табан тіреген.

Қазақстан құрамасы осы айда 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Черногория және Румыния құрамасына қарсы өткізді. Сырт алаңдағы ойында черногориялықтардан 5:0 есебімен ұтылса, румындармен Астанада тең ойнаған болатын.

Жақында ФИФА рейтингіне байланысты өзгерістер орын алуы мүмкін екені хабарланған еді. ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина

2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді. Десе де бұл рейтингте Қазақстан ұлттық құрамасының аса жоғары орындарға шыға алмауының себебі де жоқ емес. Өйткені, географиялық сипаты бойынша алты құрлықтық футбол конфедерацияларының деңгейі тең дәрежеде емес. Осыған байланысты алдағы жылдарда ФИФА рейтингін түзуде өзгерістер орын алуы мүмкін.

Ө. Сансызбай